Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмолада оқушылар арасында полиция жұмысы жайлы ғылыми жобалар байқауы өтті

2020 жылдың 24 қараша 2020 10:35

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақмола облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен полиция департаменті мектеп оқушылары арасында ғылыми жобалар байқауын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, азаматтық принцип және патриотизмді қалыптастыру арқылы білім және тәрбиені қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға мектеп оқушылары аса ыждаһатпен қатысты.

Байқау жеңімпаздары «Полиция - мемлекеттік қызметтің ерекше түрі», «Полицияның үздік батырлары», «ІІБ ардагерлері тәртіп күзетінде» секілді үш аталым бойынша анықталды.

Оқушылар ғылыми жобасын дайындау барысында ішкі істер органдарының қызметін зерттеп, қыруар жұмыс атқарды.

Оқушылар видеоролик және слайд арқылы полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысын көрсетіп, тәртіп сақшыларының міндеттері туралы айтты.




Сонымен бірге, ерлік жасаған және қызмет бабында қаза болған полиция қызметкерлері туралы театрландырылған көрініс ұсынылды. Барлық қатысушылар байқау талаптары бойынша тапсырма орындады.

Байқауға Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясы және ассамблея жанындағы волонтерлер орталығының жетекшісі Умар Шонозоров, Көкшетау техникалық лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Хохлова төрелік етті.

Сонымен бірге, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісімнің» талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Светлана Егикян, Ақмола облыстық ПД кадр саясаты басқармасының бастығы Елкебек Әубәкіров байқау жұмыстарын бағалады.

Барлық оқушылар ғылыми жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарады, сол себепті жеңімпаздарды таңдау қиынға соқты.

Жеңімпаздарды марапаттауға Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығының директоры Умар Шонозоров демеушілік көмек көрсетті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Zoom арқылы жүзеге асырылады.


Жоғары қарай