Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысында жылумен жабдықтау нысандары жаңғыртылып жатыр

2020 жылдың 23 қараша 2020 17:55

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының өңірлерінде халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік беретін жылумен жабдықтау объектілерін жөндеу және реконструкциялау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Биыл Щучье қаласында 5,5 шақырым жылу магистралі жаңартылды. Туристік аймақты жылумен қамту жүйесіне облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді.

Қазандықты жөндеуге берілген қаражат ғимаратты қалпына келтіруге және қосымша жабдықтар сатып алуға бағытталды. Осылайша, нысанның қуаты 50 гигакалорияға жетті.

Жылыту қазандығының жұмысы, жағылатын отын көлемі енді жаңа сандық жүйе арқылы бақыланады.

Мұндай тетік қазандықтардың жұмысын тәулік бойы үздіксіз бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Пайдаланылған отын мөлшерін есептеу арқылы жылудың заңсыз ұрлануының алдын алуға болады.

Бұл нысан 4 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді.

Жүргізілген жөндеу қазандықтардың қуатын арттыруға және үш көп қабатты тұрғын үйді орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

«Қазір пәтер иелері жылыту жүйесіне қосылған. Қазандықтың қуаты жеткілікті. Абылай хан көшесіндегі 60 үйде ішкі құбырда кемшіліктер болды. Біз пәтер иелері кооперативімен бірге бұл олқылықты жойдық», - деді Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев.

Бурабай кентінде 20 гигаколорий жылу өндіретін екі жаңа қазандық сатып алынды. Бұл құрылғылар келесі жылы іске қосылады.

Жоғары қарай