Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақмола облысында жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы талқыланды

2022 жылдың 25 қаңтар 2022 20:41

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер платасының өңірлік филиалында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылау бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаментінің басшысы Арман Рахимов, облыстық Кәсіпкерлер палатасының және оның өңірлік филиалдарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ облыстың бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Кездесуде Елдос Рамазанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қызметтің барлық саласын қамтитынын, бұл тұрғыда мемлекеттік органдар мен бүкіл қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы күш-жігерін шоғырландыру қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге, ол Мемлекет басшысының билік пен бизнестің халық игілігі үшін өзара іс-қимыл жолдарын белгілеу жөніндегі тапсырмасына тоқталды.

Өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшысы Арман Рахимов өз сөзінде қатысушыларға алдағы 5 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі стратегиялық құжат жобасының маңызды ережелерін ұсына отырып, кәсіпкерлік қоғамдастықтың тұжырымдаманы әзірлеуге белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, бизнес-қоғамдастықпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын мұқият талқылауды тапсырды. Құжатты әзірлеу барысында жұртшылықтың, бизнес өкілдерінің, сарапшылар мен азаматтардың пікірлері, сондай-ақ шетелдік тәжірибе ескерілгенін атап өткім келеді. Тұжырымдамада нақты реформаларды, оның ішінде бизнес қызметіне қатысты өзгерістерді қамтитын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті жетілдірудің одан әрі бағдарлары ұсынылған. Сонымен қатар, бүгін біз осы мәселені одан әрі сындарлы ұсыныстар әзірлеу үшін өңіріміздің кәсіпкерлерімен егжей - тегжейлі талқылағымыз келеді», - деп атап өтті Арман Рахимов.

Сонымен бірге, департамент басшысы тұжырымдаманың маңызды басымдықтарының бірі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институтын іске асыруды көздейтін адал бизнесті дамытуға тоқталды. Бұдан басқа, адал жұмыс істейтін компаниялар мемлекеттік сатып алу, салық салу, субсидиялар алу және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлері кезінде артықшылықтарға ие болуы тиіс. Осы шаралардың барлығы жеке секторды бизнесті адал жүргізуге ынталандыруға бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер стратегиялық құжат жобасын белсенді талқылап, пікір алмасып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында тиімді өзара іс-қимыл бойынша бірқатар ұсыныстарды енгізді.

Айта кетсек, 7 бөлімнен тұратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасында парасатты қоғамды қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың себептерін азайту, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың мониторингі, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысын жетілдіру мәселелері көрсетілген.


Жоғары қарай