Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысында экология тақырбында халықаралық конференция өтті

2020 жылдың 2 желтоқсан 2020 03:28

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында қазіргі жағдайдағы экологиялық мәдениет және экологиялық дүниетаным мәселесі бойынша жас педагогтардың халықаралық форумы өтті. Форумға Ресей ғалымдары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форум қатысушылары экологиялық бағыттағы жобаларын ұсынды. Онлай режимде өткен форумда Ақмола облысының білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов және Урал мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы Силин Яков құттықтау сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысы қазақстандықтарға арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында білім беруде өскелең ұрпақты экологиялық жағынан тәрбиелеуге басты мән беру керектігін алға қояды. Өйткені, экологиялық мәселе жылдан жылға өзекті болып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде білім басқармасы тарапынан өткізілетін іс-шаралардың жоспары жасалған. Соның бірі, бүгінгі өткізіліп отырған форум», - деп атап өтті Ақмола облысының білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.

Басқарманың мәліметінше, шараның басты мақсаты - экологиялық қызметтің ауқымын кеңейту, қоғамның назарын экология мәселесіне аудару, экологиялық мәдениет пен экологиялық дүниетанымды, басты экологиялық құндылықтар туралы түсінікті қалыптастыру.

Осы тақырыптар бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білімді методологиялық сүйемелдеу орталығының директоры Ләззат Бәйімбетова, Урал мемлекеттік экономикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Наталья Вербицкая, Челябі білім беру қызметкерлерінің біліктілігін көтеру және қайта даярлау институтының кафедра меңгерушісі Татьяна Уткина баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісті.

Осы ретте Аршалы ауданындағы Волгодоновка орта мектебінің физика пәні мұғалімі Ернар Жүркін, № 3 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатының биология пәнінің мұғалімі Бақытгүл Торсынова тәрізді түрлі республикалық және облыстық кәсіби, шығармашылық байқаулардың жүлдегері, жергілікті жас ұстаздардың да баяндамасы тыңдалды.

Форум соңында Ақмола облысының білім басқармасы мен Челябі облысының Білім министрлігі арасында халықаралық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, экологиялық білім және тәрбие берудегі жұмыстардың басты бағыттары бойынша ұсыныстар берілді.

Жоғары қарай