Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақмола облысында 120 газ құю станциясы белгілеген бағаға газ құюда

2022 жылдың 10 қаңтар 2022 11:01

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен Ақмола облысының өңірлік жедел штабының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында Ермек Маржықпаев облыстағы жағдай тұрақты екенін атап өтті.

«Барлық құқық қорғау, мемлекеттік органдар, төтенше жағдайлар және қорғаныс департаменті қызметкерлерінің, қоғам өкілдерінің үйлесімді жұмысының арқасында өңірдегі ахуал тұрақтануда. Бүгін полиция қызметкерлеріне жанқиярлығы үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді. Олар өз өмірін қатерге тігіп, құқық тәртібін қорғауда», - деп толықтырды өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, өңірде қолма-қол ақшаны алу және тауар сатып алу мәселесі шешілді. Бұл мәселені шешу үшін Халық банкі Полиция департаментінің көмегімен 7 қаңтардан бастап Көкшетау қаласы бойынша банкоматтарды толтыруды бастады. Кешеден бастап аудан орталықтарындағы банкоматтарды толтыру жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Сбербанктің 4 банкоматы қолма-қол ақшамен қамтамасыз етілген. Жақын күндері басқа банктермен де мәселе пысықталатын болады. Сауда желісінде бірінші қажетті құралдар мен азық-түлік өнімдері жеткілікті.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс басшысы жауапты қызметтерге атап айтқанда, жоспарланған жерлерде блокпостарды орнату аяқталғаннан кейін, әлеуметтік маңызы бар тауарларға, коммуналдық қызметтерге, көмірге, ЖЖМ-ге, газға және басқаларға баға саясатын сақтау бойынша бақылауды күшейтуге тапсырмалар берді.

Айта кетейік, өңірде газ бағасы 70 теңге көлемінде белгіленген. Облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықтықты есепке алғанда, баға 75 теңгені құрайды. Бүгінгі күні облыста 120 газ құю станциясы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі белгілеген бағалар бойынша сұйытылған газды құюды жүзеге асыруда.


Жоғары қарай