Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Академик Әбдуәли Қайдар дүниеден озды

2019 жылдың 27 ақпан 2019 10:05

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 95 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Академик Әбдуәли Қайдар қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін тіл білімі саласын дамытуға, ғалымдар даярлауға арнады. Әбдуәли Қайдар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп, Елбасына хат жолдады. Кейіннен, осыдан дәл 15 жыл бұрын академик Әбдуәли Қайдардың дайындаған нұсқасында «ҚазАқпарат» ХАА агенттігі қазақ тіліндегі хабарларын латын әліпбиімен таратуды қолға алған еді.

Әбдуәли Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебін және он айлық педагогика курсын аяқтап, өзі сұранып майданға аттанды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жауынгерлік ерлігі үшін Әбдуәли Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдармен марапатталған.

Әбдуәли Туғанбайұлы бірқатар атақтарға ие болған құрметті тұлға. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), ҚР А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым. Оның есімі ғылымдағы үздік өнегесімен ғана белгілі емес, сонымен қатар, еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтықтың жоғары деңгейінен көріне білді.

Әбдуәли Қайдардың ғылымды дамыту мен ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар достығы» ордені, «Отан» ордені, «Құрмет нышаны» (Түркия ордені), «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған болатын.

«ҚазАқпарат» ХАА ұжымы академик Әбдуәли Қайдардың қайтыс болуына орай отбасына және жақындарына көңіл айтады.

Жоғары қарай