Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Аида Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» турасында: Әр жоба сараптамадан өтті

2021 жылдың 21 қазан 2021 16:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын қаржыландыру жұмыстарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көбісін жобаны қаржыландыру мәселесі қызықтырып отыр. Осы орайда ұлттық жобаның шоғырландырылған бюджеті 119 млрд теңгені құрады. Жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырылады», - деді А. Балаева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, бұл соманың негізгі бөлігі республикалық бюджеттен бөлінеді, яғни 110 млрд теңге ескерілген. Ал 9 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған. Бағытталатын әр теңгені мамандар есептеп, әр жоба тыңғылықты қаржылық сараптамадан өткен. Осы жобаларды жүзеге асыру барысы үнемі тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру кезінде инвестициялар да тартылмақ.

«Бұл Ұлттық жоба аясында атқарылатын көп жұмыстың негізгі бағыттары ғана. Жоғарыда айтқанымдай, оны іске асыру үшін үш бірдей министрліктің күші жұмылдырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізетін боламыз. Ал енді тұтастай алғанда, Жоба қоғамдық сананы жаңғырту мен стратегиялық міндеттерді шешудегі уақыт сынағына лайықты жауап беретін құжат болатынына біз сенімдіміз», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, А.Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасының негізгі мақсатын айтты. Ұлттық жобадағы екінші бағыт«Ел Рухы» деп аталады және мәдениет саласында қызметтердің қолжетімдігін арттыру бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды. Сонымен қатар министр мемлекеттік тілге қоғамның сұранысы артып келе жатқанын атап өтті.



Жоғары қарай