Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Аида Балаева: Атырау – ұлттық салт-дәстүрге берік, руханияты жоғары мекен

2021 жылдың 29 қазан 2021 16:55

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Атырау облысында Қоғамдық кеңес мүшелерімен, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ облыс әкімдігінің активімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, А.Балаеваның жұмыс сапары бағдарламасындағы маңызды шара — Атырау облысы Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесу болды.

Аида Балаева осы жылы қабылданған заңнамалық түзетулерді ескере отырып, Қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіру бойынша атқарылып отырған жұмыс туралы айтып берді. Министр атыраулық Қоғамдық кеңес мүшелерін оларға берілген заңнамалық өкілеттіктерді өңір игілігі үшін белсенді әрі тиімді пайдалануға шақырды.




Одан бөлек зиялы қауым өкілдерімен жеке кездесу барысында министр «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасын таныстырып, оның негізгі үш бағыты бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда: елдің зияткерлік әлеуетін және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, «Ел рухы» атты мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» аталатын жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау бағыты.
Еске сала кетейік, ұлттық жоба жеті міндетті, 20-дан астам көрсеткішті және 60-тан астам ірі іс-шараны қамтиды.

«Атырау өңірі – қай кезде де қазақылығын жоғалтпаған, ұлттық салт-дәстүрге берік, руханияты жоғары мекен. Біз қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен тарихымызды түгендеп, көптеген оқиғаларға жаңаша баға беріп жатырмыз. Бұл жұмыста, осы маңызды өңірдің тарихын түгендеп, руханиятын көтеріп, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беріп, дұрыс жол көрсететін ел зиялылылары — сіздердің қолдауларыңыз қажет»,- деді А.Балаева.

Ведомство басшысы ел дамуында Мемлекет басшысы ұлттық интеллигенцияның рөліне ерекше маңызды көңіл бөлетінін айта отыра, Ұлттық жобаны жергілікті жерлерде жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырды.

Атырау облысына жұмыс сапарының соңында министр Жылыой ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті, Ақмешіт қорымына барды.

Айта кетейік, қазір елдегі эпидемиологиялық ахуалды біртіндеп қалыпқа келтірудің арқасында министрлердің өңірлерге шығулары және халықпен кездесулері тұрақталып келеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында А.Балаева осындай кездесулерді Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында өткізген болатын.











Жоғары қарай