Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

Ахмет Байтұрсыновқа жазған мақалалары үшін айыппұл салынған – ғалым

2020 жылдың 31 мамыр 2020 15:42

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –ХХ ғасырда қазақ даласында бірнеше ашаршылық болған. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, «Алаштану» орталығының директоры Светлана Смағұлова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалымның айтуынша, аштықтың зардабы, ата-бабымыздың басынан өткен қиыншылықтар қазақ халқы ұрпағының санасында мәңгі қалады.

«Аштық кезінде бір ауылды аман сақтап қалу үшін, байлардың өзі қолдарындағы алтындарын Қытайға апарып, тарыға айырбастап келген. Олардың басым бөлігі 1937 жылы халық жауы ретінде сотталып кетті. Мұндай оқиғалар өте көп. Жүсіпбек Аймауытов бастаған ұлт зиялылары ашаршылық жайлаған өңірлерге жылу жинап, ас таратқан. Сол үшін де олардың бастары дауға қалды. Кеңес үкіметі 1921-1922 жылдары бірде бір мәліметті сыртқа шығармауға тырысқан. 1931-1932 жылдары өлім көбейіп кеткен кезде, біздің зиялыларымыз дабыл қағып, жоғары жаққа хат жолдады. Бұл тарихта «бесеудің хаты», «алтаудың хаты» болып қалды. Міне, осы кезде ғана Сталин көңіл бөле бастаған.

Оның айтуынша, қуғын –сүргін патша заманында да болған.

«Патша өкіметі қазақ даласын түпкілікті билеу үшін әуелі әр түрлі реформалар жүргізіп, қазақтың елдік-этникалық ұйытқысын ірітіп, ұлыстарды бөлшектей бастады. Патша үкіметінің отарлық , әккі саясатын Ахмет Байтұрсынов халыққа астарлап жеткізіп отырған. Міржақып Дулатов Оян, қазақ! өлеңі арқылы халықты бір болуға шақырған. Міне осындай ұран тастағандарды патша үкіметі қудалады. Бірақ олар Кеңес үкіметі сияқты қинап, ұрып-соққан жоқ. Оларды түрмеге отырғызған, айыппұл салған. Ахмет Байтұрсыновқа «қазақ тілі» газетіне үкіметті сынап жазған мақалалары үшін айыппұл салынған.

Жалпы Кеңес үкіметі кезіндегі қуғын- сүргін бірнеше кезеңнен тұрады.

«Қуғын-сүргін 1917 жылдан бастау алады. 1920 жылдың соңында зиялыларға буржуазияшыл-ұлтшыл байлардың идеологиясын жақтады, кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді деген айыптар тағылды.1929-1930 жылдары ауылдағы шаруаларға, діндарларға қарақшы, бандиттер деген жала жабылды. Сол үшін оларды жаппай соттап, жер аударып тіпті ату жазасына да кесті. Ақыр-аяғы 1937-1938 жылғы алапат қуғын-сүргінге алып келді. Мұндай айыптауға ұлт зиялылары ғана емес, елдегі малшылар мен қарапайым адамдарға дейін ілікті»,– дейді Светлана Смағұлова.

Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта көп талқыланып жүрген мәлелерге тоқталды.

«Қазір ұлт зиялылары бір– бірін сатқан, ұстап берген деген пікір жиі айтылып та, жазылып та жүр. Тіпті, сатқындардың атын атап, түсін түстеп ашық айтайық дейтіндер көбейбі. Мен айтар едім. Бұл заманның идеологиясы. Олар қазақтың зиялыларын қинаған, бала-шағасымен қорқытқан, құжаттарға мәжбүрлі түрде қол қойдырған. Осының бәрін зерттеп қарау керек»,– дейді «Алаштану» орталығының директоры.

Сөз соңында, Светлана Смағұлова қуғын– сүргін процесі әлді де терең зерттеуді қажет ететінін атап өтті.


Жоғары қарай