Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

АХҚО Соты мен ХТО биыл 291 істі қарады

2020 жылдың 28 желтоқсан 2020 15:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) 2020 жылғы нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АХҚО Соты мен ХТО өз қызметін 2018 жылғы 1 қаңтарда бастады. Осы күнге дейін АХҚО Соты мен ХТО жалпы алғанда 296 істі табысты шешті, оның ішінде 291 іс 2020 жылда қарастырылды.

«АХҚО Сотына 12 іс берілді және 9 шешім шығарылды. ХТО-да төрелік талқылау мен медиацияны талап ететін 282 іс шешілді. Төрелік істердің саны едәуір өсті, бірақ істердің көпшілігі медиация арқылы шешілді. ХТО-да дауларды медиация жолымен сәтті реттеу нәтижесінде осы істер бойынша одан әрі төрелік ету немесе сот талқылауы қажеттілігі азайды.

Істерге 11 елдің тараптары қатысты, оның ішінде Қазақстан (Қазақстанның 11 түрлі қалалары мен өңірлері), Ресей, Қытай, Өзбекстан және Ұлыбритания бар. Даулардың нысанасы - борыштық міндеттемелерге, өзге де қаржы мәселелеріне, қызметтер көрсетуге, еңбек қатынастарына және мүлікке (оның ішінде жер меншігіне) байланысты. Қолданыстағы құқықтық нормалардың қатарына АХҚО, Қазақстан және Ресей заңдары кірді», делінген хабарламада.

Барлық қаулы мен төрелік шешімдер тиімді орындалуын қамтамасыз ететін АХҚО Сотының бірегей қадамдық процедурасын пайдалана отырып, Қазақстанда 100% сәтті орындалды.

2020 жылғы наурызда COVID-19 жаһандық пандемиясының басталуына байланысты АХҚО Соты мен ХТО барлық жұмысын онлайн режимге ауыстырды және үздіксіз жұмыс істеді. Барлық даулар электронды түрде шешілді, бұл eJustice электрондық сот ісін жүргізу жүйесін қолдана отырып жүзеге асырылды. Барлық дауларды реттеу және шешу, сотқа дейінгі және сот тыңдауларын өткізу үшін заманауи бейнетехнология қолданылды.

«АХҚО Сотында тараптардың мүдделерін сотта қорғау құқығымен 222 заңгер тіркелген. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Орталық Азия, Африка, Азия, Аустралия және Жаңа Зеландиядан тіркелген 23 елдің (25 юрисдикция) заңгерлері бар. Қазіргі уақытта АХҚО Соты мен ХТО бүкіл әлемдегі халықаралық заң қоғамдастығы деп танылды.

Бұдан басқа, АХҚО Соты мен ХТО-ның дауларды реттеу жөніндегі үлгілік ережелері 4 мыңнан астам бизнес келісімшартқа, атап айтқанда, Шеврон және «Теңізшевройл» ЖШС компанияларының қатысуымен жасалған келісімшарттарға енгізілді. Бұл АХҚО Соты мен ХТО Орталық Азиядағы коммерциялық дауларды шешу үшін АХҚО Соты мен ХТО-ның пайдасына таңдау жасайтын ұйымдар санын ұлғайту жөніндегі бастамасының нәтижесі болды», делінген хабарламада.

АХҚО Соты мен ХТО дауларды реттеудің жергілікті және халықаралық орталықтарымен, заңгерлер қауымдастықтарымен және оқыту бойынша серіктестермен өзара түсіністік туралы 31 меморандумға қол қойды. 2020 жылғы Вебинарлар бағдарламасы шеңберінде АХҚО Соты мен ХТО 31 вебинар өткізді, сондай-ақ АХҚО Сотының төрағасы, ХТО төрағасы, Тіркеуші және аппарат басшысы, АХҚО Сотының судьялары, ХТО төрешілері мен медиаторларына дәрістер өткізілді. 2020 жылы АХҚО Соты мен ХТО екі студенттік ойын процесін өткізді, оған Қазақстан мен ТМД елдерінің заң саласындағы жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Қазақстанның 2 мыңнан астам азаматы АХҚО Соты мен ХТО қатысуымен дауларды реттеу жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес оқытылды.

«2020 жыл АХҚО Соты мен ХТО үшін айтулы жыл болды. Жаһандық COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған қиындыққа қарамастан, дауларды шешу қызметтері әлемдегі бизнес пен іскер адамдар үшін өзінің тартымдылығын дәлелдеді. Жаңа серіктестік қарым-қатынастарды құру және оқытудың ауқымды бағдарламаларын жүргізу нәтижесінде біз сот істерінің санын едәуір ұлғайтуға, сот және төрелік шешімдерді табысты орындауға қол жеткіздік, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияның заң және іскерлік қоғамдастығын дамытуға елеулі үлес қостық. Біздің қызметіміздің осы кезеңінде біз басқа халықаралық қаржы орталықтарындағы дауларды реттеу жөніндегі ұқсас орталықтармен салыстырғанда, күткенімізден асып түсетін айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Біздің болашаққа деген жоспарымыз бар және біз 2021 жылды асыға күтеміз», - деді АХҚО Сотының және ХТО Тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-:

Айта кетерлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспары шеңберінде құрылды.

2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО басқару жөніндегі кеңестің отырысы шеңберінде Орталықтың 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы қабылданды.

Оған сәйкес АХҚО-ның пайымдауы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропаны қамтитын өңірдегі жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуында болып отыр.

АХҚО миссиясы өңірдің тұрақты ұзақ мерзімді дамуына жәрдемдесу болып табылады. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде әрекет ете алады».

АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары тұйық циклді экономиканы, қаржылық технологияларды және «цифрлық қаржы орталығын» дамытуды қамтиды.

АХҚО Соты тәуелсіз орган болып табылады және Англия мен Уэльстің жалпы құқық қағидаттарына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген.

АХҚО соты бірінші сатыдағы соттан және апелляциялық соттан тұрады. Күрделілігі мен сомасы бойынша болмашы дауларды жедел шешуді қамтамасыз ету үшін бірінші сатыдағы сотқа ұсақ дау-дамайлар соты кіреді.

АХҚО соты әкімшілік және қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асырмайды және қатысушылар, АХҚО органдары арасындағы дауларды және АХҚО құқығына сәйкес АХҚО-да жүзеге асырылған операциялар бойынша дауларды шешуді қамтамасыз ету үшін айрықша юрисдикциясына ие. Сонымен қатар, АХҚО соты тараптардың келісімі бойынша АХҚО сотына берілген дауларды қарай алады.

АХҚО халықаралық төрелік орталығы (AIFC International Arbitration Centre) тәуелсіз орган болып табылады және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына сәйкес құрылған.

ХТО төрешілерінің құрамына жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай-газ секторы, құрылыс, энергетика, ислам қаржысы, банкинг, зияткерлік құқық салаларында және коммерциялық және азаматтық құқықтың басқа да салаларында төрелік бойынша көп жылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық төрешілер кіреді.


Жоғары қарай