Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Агротуризмнің әлеуеті қандай - Ақмола облысынан репортаж

2020 жылдың 21 қыркүйек 2020 18:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індеті басталғалы еліміздегі барлық салада үлкен өзгеріс болды. Бұл өзгеріс туризм саласына да қатысты. Шекара уақытша жабық болғандықтан ішкі туризмнің, соның ішінде агротуризмнің әлеуеті арта бастады. Елордадағы бірқатар БАҚ өкілдері агротуризмнің мүмкіндігімен танысу мақсатында Ақмола облысы Аршалы ауданындағы елді мекендерге барып қайтты. ҚазАқпарат тілшісі бір күндік экскурсия барысында көрген-түйгенін оқырмандармен бөліспек.

ЕЛІМІЗДЕ АГРОТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МҮМКІНДІГІ ЖОҒАРЫ





Бірнеше ай бойы үйде отырған қала тұрғындары карантин режимі жеңілдетіліп, жол ашылғаннан кейін қала маңындағы табиғат аясына, ауыл-аймақтарға ағыла бастады. Демалыстың бұл түрі экологиялық тұрғыда таза, пайдалы болып қана қоймай, қазақтың салт-дәстүр, мәдениеттін, ауыл тұрмысын зерттеп білуге зор үлес қосады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары үшін агротуризм қосымша табыс көзі, нәтижесінде бұл ауылдар мен ел аймақтарының дамуына әсер етеді.

Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының президенті Халида Төлегенова елімізде агротуризмді дамыту мүмкіндігі жоғары екенін айтты.

«Шын мәнінде елімізде агротуризмді дамыту мүмкіндігі жоғары. Шетелмен салыстырғанда Қазақстанның кейбір аймақтарында бұл саланың дамуы ақсап жатқан болар, бірақ бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Уақыт өткен сайын демалуға болатын жаңа орындар тауып жатырмыз. Ең қиыны – ауыл тұрғындарын агротуризм арқылы табыс табуға болатынына сендіру», - дейді Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының президенті Халида Төлегенова.





Оның айтуынша, Италия, Франция, Испания сияқты Еуропа мемлекеттері агротуризмнің «отаны» болып саналады.

«Бұл мемлекеттерде агротуризм жақсы дамыған. Ол жақ жүзім, шарап өнімдерімен танымал. Америкада да осы салада жұмыс істейтін фермерлер көп. Егін жинайтын уақыт келген кезде олар туристерді күтіп алып, есекпен, трактормен серуендетеді. Біз осы тәжірибені қолдана отырып, қазақстандық шаруаларды да осы бағытта жұмыс істеуге үйреткіміз келеді. Біз Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығы ретінде жұмыс істеп жатқанымызға 1 жыл болып қалды. Ал өз басым осы бағытта ұзақ жыл бойы жұмыс істеп келемін. 2009 жылы Моңғолияда тұрдым, одан кейін Польшада 3 жыл тұрдым. Елге келген соң да туризм саласында жұмыс істеп, уақыт өте келе агротуризмге бет бұрдым. Қазіргі уақытта менімен бірге жұмыс істейтін топ бар. Агротуризмді дамыту бағытында «Kazakh tourism» АҚ Ұлттық компаниясымен бірлесе жұмыс істейміз. Осы жұмыс аясында Солтүстік Қазақстанға, Жамбыл облысына және Ақмола облысының бірнеше ауылына барып, бағамдап келу жоспарда бар», - дейді ол.

ШЕТЕЛДІК ТУРИСТЕР АГРОТУРИЗМДІ ӨТЕ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ





Аталған қауымдастық әзірге Түркістан, Алматы облысына барып, агротуризм саласын зерттеп қайтқан.

«Шығыс Қазақстанда агротуризмді дамытуға болатын жерлер бар. Біз Ақмола облысына баса назар аударып отырмыз, себебі астана – еліміздің бас қаласы болғандықтан бұл жаққа туристер көбірек келеді. Шетелдік туристер агротуризмді өте жақсы көреді. Еуропада агротуризм жағажайдағы туризмнен кейін екінші орында. Елімізде туризмнің осы түрін жақсы дамытуға болатынына сенемін, ол үшін барлық мүмкіндік бар. Мысалы, Ақмола облысы, Аршалы ауданында мал шаруашылығымен де, омарта шаруашылығымен де, қолөнермен де айналысатын адамдар бар. Туристер үшін мұның бәрін көзбен көру қызық болады. Бұл жаққа жылына жоқ дегенде 500 мың турист алып келуге болады. Карантин болмай тұрып осы жаққа шамамен 200 турист алып келдік. Әзірге осы бағытты насихаттайтын сатыдамыз деп ойлаймын», - дейді Халида Төлегенова.





Ол бұл жолғы ақпараттық турдың мақсаты – Ақмола облысының Аршалы ауданындағы елді мекендердің мысалын қолдана отырып, Қазақстан Республикасындағы агротуризмнің мүмкіндіктерімен танысу екенін айтты.

«Бүгін Аршалы ауылындағы ұстаханаға барып, ұстаның темірді қалай балқытып, қалай жұмыс істейтінін көреміз. Одан кейін омарта шаруашылығымен танысып, осы ауыл маңында өскен емдік шөптерден демдеп жасалған шай ішеміз. Ол жерде шайды самаурынға қайнатады. Осы жерге келген туристер ішінде самаурынды өмірінде бірінші рет көргендері де болды. Ары қарай Константиновка ауылына барып, мал шаруашылығымен айналысатын шаруаның үйіне барып, түскі ас ішеміз. Ол жерде табақ тарту дәстүрімен таныс боламыз. Түстен кейін ауыл маңындағы қайың тоғайына барамыз. Ол жерде бізді күтіп алатын жергілікті әжелер тобы, оқушылардан құралған музыкалық ұжымдармен бірге ән айтып, би билейміз және сол маңнан емдік шөптерді жинап, бұлақ басынан су ішеміз. Экскурсия ауылдағы қонақ қабылдау үйіне барып, баққа ағаш отырғызумен аяқталады. Қаланың күйбең тіршілігінен шаршап, ауылға барып тынығып келгісі келетін адамға осындай қызмет түрін ұсынып, осылай демалу мүмкіндігін беру – туристке де, ауылдағы шаруаларға да қолайлы емес пе?», - дейді ол.

ОМАРТА ШАРУАШЫЛЫҒЫ





БАҚ өкілдері Константиновка ауылына барып, омарта шаруашылығымен танысты. Қазіргі таңда бұл жерде 11 омарташы бар.

«Балдың дәмі, сапасы араның балды қандай өсімдіктен алғанына байланысты болады. Қазіргі уақытта бұл жақта шашақгүл өседі. Ол күзде өсетін балды өсімдік. Үсік шалған уақытта да бұл өсімдік шәрбат бөле береді», - дейді Константиновка орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, омарташы Сергей Ерофеев.















Оның айтуынша, тек омарта шаруалығымен айналысудың өзіне тән қызығы мен қиындығы бар.

«Мысалы, тонналап бал жинап алуға болады. Ал осынша көп балды не істейсің? Қалада өтетін жәрмеңкеге апару үшін арнайы көлік құралы, барып-қайтуыңа уақыт керек. Біздің ауылда тек омарта шаруашылығымен айналысатын адам бар. Ол жәрмеңке атаулының бәріне қатысады. Бұл іспен айналысу – әрі негізгі жұмысың, әрі хоббиің болса керемет емес пе?!», - дейді ол.

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ





Омарта шаруашылығымен танысып болғаннан кейін мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер – Берік Күлдібаевтың шаңырағына бардық. Елордада әскери қызметте болған Берік аға 2012 жылы Константиновка ауылына отбасымен көшіп келген.

«Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылы. Шекара қызметінде жұмыс істегенмін. 2005 жылы басшылардың бұйрығымен елордаға ауысып келдім. 2010 жылы келісімшарттың мерзімі аяқталып, мен атакәсіпті жалғастыруға бел будым», - дейді Берік Күлдібаев.





Ол қазіргі уақытта негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы екенін, қой, сиыр, жылқы өсіріп отырғанын айтты.

«Балаларым әзірге оқушы, бірақ болашақта осы бастаған істі жалғастырады деп ойлаймын. Қазақ халқы төрт түліктің санын айтпайды, бірақ, Аллаға шүкір, өсіп-өніп жатыр. Коронавирус індеті халыққа ауыр болып тиді. Ет жеп, сорпа ішіп өскендердің иммунитеті де мықты болып, ауру жұққан кезде жеңіл өткенін де көрдік. Табиғи өнімге ештеңе жетпейді ғой. Мен осы жаққа көшіп келген кезде өзіммен бірге ағайын-туыс, жұмысшыларды қосқанда 5 отбасыны көшіріп алып келдім. Ал жалпы 10 жыл ішінде 12 отбасының осы жаққа көшіп келуіне себепші болдым», - дейді ол.











Бал бақшасы

Сапар соңында ауыл маңындағы тоғайға барып, бұлақ басынан су іштік. Ауыл әжелерінен құралған «Течет ручей» тобы мен «Молодцы-удальцы» балалар тобы ән салып, би билеп өнер көрсетті.
















Одан кейін ауылдағы қонақ қабылдау үйіне бардық. Қонақ қабылдау үйінің есігі ауылға келген кез келген қонақ үшін ашық. Оның іші қажетті жиһазбен жабдықталған және ауылдағы қолөнер шеберлерінің қолдарынан шыққан өнер туындыларымен сәнделген. Ол жерде қолдан жасалған ірімшік, қаймақтың дәмін татып, «бал бақшасына» көшет отырғыздық.



































«Бал бақшасы» жобасы Қазақстанда тұңғыш рет Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының бастамасымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында ауылға келген туристерге көшет отырғызуға мүмкіндік беріледі. «Бал бақшасы» жобасы аймақтарды дамытуға, агротуризмді дамытуға қажет, өйткені бақтың эстетикалық қызметінен басқа оның, аралар саны мен балдың өнімділігін арттыру функциясы бар. Осы жерде уақыт өте келе аралар үшін тозаң және қорек беретін басқа да бал ағаштары, гүлдер мен шөптер отырғызылады.































Жоғары қарай