Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Афинада Қазақстанның Мемлекеттік туын салтанатты көтеру рәсімі өтті

2021 жылдың 15 желтоқсан 2021 14:40

АФИНА. ҚазАқпарат – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Грекия астанасы Афинада Қазақстанның Мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға Грекия Республикасының Сыртқы істер министрі Никос Дендиас, Аттика өңірінің Губернаторы Георгиос Патулис, Грекия Парламентінің депутаттары, астаналық муниципалитеттердің мэрлері, сондай-ақ іскерлік және академиялық топтардың өкілдері қатысты.

ҚР СІМ ақпаратына сүйенсек, Грекия сыртқы саясат ведомствосының басшысы Никос Дендиас өз сөзінде қазақстандықтарды тәуелсіздіктің мерейтойымен құттықтап, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуындағы оң динамиканы атап өтті.




Министрдің айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында өңірдегі бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденудің орталығына айналды. Қазақстан мен Грекияның негізгі халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ортақ көзқараста екендігін қанағаттана отырып атап өтті.

«Сонымен қатар, грек дипломаты халық дипломатиясының маңыздылығына ерекше назар аударып, Қазақстандағы он мыңдық грек диаспорасы мен Қазақстаннан тарихи Отанына оралған сексен мыңға жуық этникалық гректердің екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды біріктіруші фактор болып табылатынын мәлім етті», - делінген ҚР СІМ мәліметінде.




Өз кезегінде Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Сыртқы істер министрі Н.Дендиастың салтанатты рәсімге қатысуын Грекия басшылығының Қазақстанмен кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін көрсететінін атап өтті. Елші келесі жылы Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанының отыз жылдығы аясында бірқатар қоғамдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру бойынша бірлескен жоспарлары туралы хабардар етті.




Салтанатты іс-шара аясында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» тақырыбындағы дөңгелек үстел де өтті. Бұл жиында Ахарнес астаналық муниципалитетінің мэрі Спиридон Вреттос, Шымкент қаласының тумасы, Грекия Парламентінің депутаты және грек заң шығарушыларының ішіндегі ең жас әйел адам Мария Апатзиди, сондай-ақ Қазақстанның Грекиядағы құрметті консулдары мен басқа қонақтар спикерлер ретінде сөз сөйледі.




Шара барысында ұлттық аспаптармен музыкалық қойылым ұйымдастырылды. Қонақтарды атақты грек биі сиртакидің домбырамен орындалуын қоса алғанда, қазақ күйлерінің сазды попурриі ерекше қызықтырды.









Жоғары қарай