Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Адвокат пен прокурордың теңдігі: Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр

2020 жылдың 16 қазан 2020 11:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әділет министрлігі заңнама департаментінің директоры Бақтыгүл Атағазиева Президенттің адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету бағытындағы тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында соттың бәсекеге қабілетті, ал судьяның айыптау тарапынан тәуелсіз болуы керектігін және ол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен болатын. Мүдделі мемлекеттік органдар адвокаттық қауымдастықпен бірлесіп әзірлеген түзетулер Бас прокуратураның қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша және Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері туралы заң жобаларында көрініс тапты», - деді Бақтыгүл Атағазиева Әділет министрлігінің онлайн режимдегі алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, бүгінде заң жобалары Парламент Мәжілісінің қарауында.

«Мысалы адвокат іске кіріскен сәттен бастап қылмыстық істі қозғауға негіз болған ұстап алу, қарау, тінту хаттамалары, мамандар мен сараптамалардың қорытындылары және өзге де процестік құжаттардың нақты тізімімен танысуға мүмкіндік беретін түзетулер көзделген. Бұл түзетулер қабылданған жағдайда адвокаттар қорғау бағытын тиімді құруға мүмкіндік алады. Өз кезегінде адвокаттар тарапынан теріс пайдаланудың ықтимал фактілерін болдырмау мақсатында олардың өкілеттіктерін кеңейту шеңберінде, біздің ойымызша, жергілікті тәртіптік комиссиялар жазадан құтылмаушылық қағидатын сақтауға баса назар аудара отырып, өз жұмысын түбегейлі қайта қарауы қажет. Адвокаттар мәртебесін арттыру тұрғысынан Республикалық адвокаттар алқасының рөлін күшейту де маңызды», - дейді ол.

Бақтыгүл Атағазиева қазіргі таңда республикалық адвокаттар алқасының тікелей өкілеттігі жоқ, барлық шешімдерді оның төралқасы қабылдайтынын жеткізді.

«Осыған орай төралқаның алқалар қызметін үйлестіру, адвокаттардың кәсіптік деңгейін көтеру, алқаларды әдістемелік, ақпараттық қамтамасыз ету, тәртіптік практиканы қорыту және басқа өкілеттіктерін Республикалық адвокаттар алқасына беру орынды болып көрінеді. Ұсынылып отырған шаралар еліміздегі адвокатураның дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз», - деді ол.


Жоғары қарай