Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әділет министрлігі 2020 жылы қанша партияны тіркеуден бас тартты

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 13:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы Әділет министрлігіне тіркелу үшін 9 партия өтінім берді. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы 9 партия тіркеу үшін өтінім берді. Өздеріңіз де білетіндей, бұл процесс 2 кезеңнен тұрады. Алдымен партия құрғысы келетін адамдар тобы өтінім береді. Егер бұл өтінім талаптардың барлығына сай келсе 2 кезеңге жіберіледі және съезд өткізіп, қол жинайды. Өткен жылы 9 өтінім түсіп, олардың алтауының құжаттары заңнама талаптарына сай келмегендіктен кері қайтарылды. Олар барлық кемшіліктерін түзетіп, өтінімдерін қайтадан бере алады», - деді министр Zoom платформасында өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, олардың барлығына кемшіліктерді түзету туралы хабарлама жіберілді.

«Талаптарға сай келген үш топқа да хабарлама бердік. Олар енді съезд өткізіп, келесі құжаттар топтамасын ұсынуы қажет. Адамдардың бір тобы съезд өткізіп, құжаттар топтасын берді. Қазір аталған құжаттарды тексеру жүріп жатыр», - деді Марат Бекетаев.

Оның айтуынша, тіркеуге құжат ұсынған партияларды өзге де мемлекеттік органдар тарапынан тексеру жүргізіледі. Ал аталған партияларды тіркеуге ұсынған тұлғаларды аты-жөндері құпия.

«Жария етуге құқымыз жоқ. Мұндай ақпаратты партиялардың өздері ғана бере алады», - деді министр.


Жоғары қарай