Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Адами құндылықтар әлем назарында

2014 жылдың 11 қараша 2014 09:24

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Тұрақты адамзаттық дамудың жаңа парадигмасы. G-Global - жаһандық диалог үлгісі» атты халықаралық конференция ашылды. Адамзаттың жаһандық мәселелері жөніндегі аталмыш кездесу ғалам дамуының осы заманғы парадигмасын, болашақтың жаңа үлгісін жасау үшін беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің бастарын қосты. ҚазҰУ-мен бірге конференцияны ұйымдастыруға Бүкіләлемдік өнер мен ғылым Академиясы, Бүкіләлемдік университеттер консорциумы және ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы, ал тең ұйымдастырушылар қатарында - Рим және Мадрид клубтары, Халықаралық Жасыл Айқыш, сондай-ақ ірі халықаралық қоғамдық бірлестіктер, жоғары оқу орындары мен қорлар мұрындық болғанын айта кеткен жөн.

Конференцияны университет басшысы Ғалымқайыр Мұтанов ашты. Ол өз сөзінде университет тұрақты даму мен қақтығыстарды шешу, сауаттылық, адам құқығына қатысты БҰҰ-ның әлем мойындаған он қағидасын қолдауға бағытталған «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылған Орталық Азиядағы бірінші ЖОО болғанына ерекше тоқталды. Бұдан кейін мінбеге ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шығып, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шараға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқыды. Мемлекет басшысының үндеуінде G-Global жобасы аймақтық және халықаралық ауқымда табысты жүзеге асырылып келе жатқаны, дарынды жастардың және қоғамдық ұйымдар мен бизнес құрылымдардың қуатты интеллектуалдық әлеуетіне ие екені атап өтілді. «Пікірсайыстың халықаралық тұрпаты тиімді басқару жолдарының қанат жаюы үшін G-Global-ды адамдардың, ресурстар мен қоршаған ортаның арасындағы өзара қарым-қатынастарда үйлесімді және қарқынды теңдікке қол жеткізушіге айналдырады» делінген Н.Назарбаевтың құттықтау сөзінде.

Бұл конференцияның маңыздылығын атап өткен Қ.Тоқаев өз сөзінде әлемдік дамудағы жаңа парадигмасын әзірлеу керектігін қазіргі замандағы қатерлер айқындап отырғанына тоқталды.
«Елбасы әділетті және қауіпсіз әлем тәртібін қалыптастыру мақсатында әлемдік қоғамдастықты біріктіруге күш салуға бағытталған G-Global бастамасын көтерді. Бұл бастама жаһандық мәселелерді талқылаудың қағидатты түрдегі жаңа түрін қарастырады» деген Сенат төрағасы халықаралық қатынастарда тең құқықтылық пен өзара құрмет қағидалары үстемдік құруы тиіс екенін басты назарға алды. Бұл тұрғыдан келгенде G-Global бастамасында көзделген ХХІ ғасырдағы әлемдік тәртіптің негізгі қағидалары көпполярлы әлемдегі біріккен берік іргетас болары анық. Осыған орай Қ.Тоқаев адамның орнықты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа парадигма туралы он тұжырымын ұсынды.
Сонымен бірге пленарлық мәжілісте Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Бүкіләлемдік өнер және ғылым Академиясы мен Бүкіләлемдік университеттер консорциумының президенті Эйтор Гургулино де Соуз, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов, Рим клубының кеңесшісі және WAAS президент Иво Шлаус және осы ұйымның атқарушы директоры Гарри Джейкобс сөз сөйлеп, адамзатқа ортақ мәселелерді шешу ісінде, диалог жүргізуде және тәжірибе алмасуда әртүрлі елдердің академиялық бірлестіктері күштерін біріктіріп, табысты түрде ынтымақтастық орнатуға тиістілігі жөнінде пікірлерін білдірді.
Абайдың бір өлеңінде: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген жол бар еді. Әлем адамдары бір-бірімен сыйластықта болып, тату-тәтті өмір сүрсе, түсінбеушіліктің, келіспеушіліктің де ауылы ары болар еді. Бұл жиын осындай ой қалдырды.

Басты сөздер: Алматы, Мәдениет, G-Global , ЖОО-лар,
Жоғары қарай