Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік жасалады - Мәжіліс

2021 жылдың 29 қазан 2021 18:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БҰҰ қағидаттары сәйкес келетін арнайы заңның қабылдануы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге құқық қорғау рәсімдеріне толыққанды қатысуға мүмкіндік береді. Бүгін Мәжілістегі «Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі және тәуелсіздігінің кепілдіктері» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында Мәжіліс төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 15 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде адам құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы екенін тағы да еске салып өтті. Осы тұрғыда ол жұмыс істеп тұрған Омбудсмен институты әлі де өзінің әлеуетін толық ашпағанын атап өтіп, арнайы заң қабылдауды және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аппаратын, тіпті оның өңірлік өкілдіктерін құруға дейін нығайтуды тапсырды. Бірінші кезекте тиісті заң жобаларының топтамасын әзірлеу арқылы осы тапсырманы іске асыру жөнінде бастама жасаған ҚР Парламентінің депутаттарына, сондай-ақ Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне мүше депутаттарға және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа осындай өзекті тақырыпқа арналған іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді», - деді Б. Кесебаева.

Оның айтуынша, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты Конституцияда кепілдік берілген адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен тікелей байланысты болғандықтан, бұл әрдайым өзекті. Адам мен азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру дәл осы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының құқықтық мәртебесін, қызметінің қағидаттары мен кепілдіктерін заңнамалық деңгейде нақты айқындау арқылы оның одан әрі дамуына байланысты болады. Сондықтан бұл институтты дамытудың маңыздылығы мен қажеттілігі даусыз.

«Қазіргі уақытта Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Негізгі заң жобасын іске асыру үшін Азаматтық процестік, Қылмыстық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстеріне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Бюджет және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. Заң жобаларына Парламент депутаттары адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында бастама жасады. Олар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өңірдегі өкілінің мәртебесін, олардың өкілеттіктерін, лауазымға сайлау және лауазымнан босату тәртібін, қызметінің қағидаттары мен кепілдіктерін, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың негізгі функцияларын және қаржыландыру көздерін реттейді», - деді депутат.

Заң жобаларының мақсаты – адам мен азаматтың құқықтарын соттан тыс қорғау кепілдіктерін орындаудың заңнамалық негізін құруға ұмтылу.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары мен ұсынымдарына сәйкес келетін арнайы заңның қабылдануы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге құқық қорғау рәсімдеріне толыққанды қатысуға мүмкіндік береді. Ұлттық құқық қорғау мекемелерін нығайтудың Париж және Венеция қағидаттарының ұсынымдары негізгі және ілеспе заң жобаларын әзірлеуге негіз етіп алынды. Нақты өкілеттіктер мен оларды іске асыру өлшемдерін айқындау, заң деңгейінде кандидаттарға қойылатын талаптарды, оның қызметінің негізгі қағидаттарын бекіту Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ең алдымен, бұл - адам құқықтары мен бостандықтарының мүддесі үшін заңдылық, объективтілік және әділдік, ашықтық, тәуелсіздік, жауапкершілік.

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы аптада Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.



Басты сөздер: Парламент, Қоғам,
Жоғары қарай