Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Абылай хан резиденциясын жөндеуге 34 млн-ға жуық теңге бөлінді

2020 жылдың 27 мамыр 2020 11:55

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің жөндеу жұмыстарын нұротандықтардан құралған мониторингтік топ бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, мәдениет және спорт нысандарын жөндеу және құрылысын бақылау бойынша арнайы топ Абылайхан хан резиденциясындағы жұмыстарды көрген.

Мұражай кешенінде жөндеу жұмыстары бірер апта бұрын басталды. Құрылысшылар 1 тамызға дейін оны аяқтауы керек. Осы мақсатқа 33 млн 740 мың теңге бюджет қаражаты бөлінген.

Рейд барысында топ мүшелері атқарылып жатқан жұмыстың сапасына мән берді. Мәселен ғимаратта су бұру жүйесі қарастырылмаған. Яғни, жаңбыр жауған сайын аққан су жаңадан төселген кеспе тастарды бүлдіруі мүмкін. Сондай-ақ, құйма тастарды төсеу сапасы да олардың көңілінен шықпады.

«Шатырдан аққан суды бұруға мән беру керек. Әйтпесе еңбек еш болады. Төселген құйма тастар сумен орнынан қозғалып, үгітілуі мүмкін, әрі аққан су есік алдына жиналып, келушілерге ыңғайсыздық тудырады. Мұны біз құрылыс саласындағы маман болмасақ та көріп тұрмыз. Іргетас, брусчатка жаңбырдан соң бұзылады. Содан кейін қайта салу керек пе?», - деді бақылау тобының мүшесі Алан Жуков.




Нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның басшысы қоғам өкілдерімен кездесуге келген жоқ. Сол себепті топ мүшелерінің сұрақтарына серіктестіктің құрылысшы-шеберіне жауап беруге тура келді. Оның айтуынша, жобада су бұру жоспарланбаған екен, бірақ мониторингтік топ мүшелерінің араласуынан кейін, бұл мәселе қайта қаралады. Нұротандықтар бірер аптадан кейін нысандағы жөндеу жұмыстарын қайта келіп көрмекші.




«Бүгін біз жағдаймен таныстық. Кейін тағы келіп не жасалғанын, ескертулерді қалай ескергенін көреміз. Бақылау керек, сонда ғана мердігер компаниялардың жауапкершілігі артады», - дейді топ мүшесі, СҚО Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Досбол Әбдірісов.

«Qutty meken» ұлттық жобасы аясында құрылған мониторингтік топтың құрамына облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, журналистер, блогерлер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірген.








Жоғары қарай