Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арылмадық - Мырзатай Жолдасбеков

2020 жылдың 10 тамыз 2020 16:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арыла алмай келеміз. Бұл туралы көрнекті қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін «Egemen Qazaqstan» басылымына шыққан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында «Абаймен әрбір қазақ мақтануы керек» деп жазыпты. Ол қазақтың ғана емес – дүниежүзінің адамы. Жақсылықты, кісілікті, адамгершілікті, өскенді, өнгенді, білімді, ғылымды ойлайтын адамның бәрі менің білуімше, Абаймен мақтанады. Осы күнді тілеп жүр едік, Президентіміз қол қойып, Абай күні жарияланды. Ақынның туған күні құтты болсын! Той құтты болсын!», – дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Сонымен қатар қоғам қайраткері Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арыла алмай келе жатқандығымызға қынжылысын білдірді.

«Абай қазақты жерден алып, жерге салып сынаған. Қазақты сынамаған жері жоқ. Бірақ қазақты жанындай сүйген. Ал өкініштісі, Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арыла алмай келеміз. Қайта оның үстіне бірталай қасірет, қайғы қосылды. Біз осыдан түгел арылуымыз керек. Абайды қайта оқу керек. Абайды қайта түсініп, ұғынып оқуымыз керек. Абайды желіп жүріп оқуға болмайды. Сонда ғана біз Абайға табынамыз. Абайға табынған сайын еліміз де жақсара түсер еді», – дейді ғалым.

Айта кетейік, қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай бүгін еліміздің зиялы қауым өкілдері Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы Абай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Қазақстанда 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Осылайша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет Абай күнін белгілеп, еліміздің атаулы мерекелер тізбесіне енгізді. Мұндағы басты мақсат - Абайды ұлтымыздың рухани реформаторы, әлемдік деңгейдегі кемеңгер ретінде теңдессіз шығармашылығын насихаттау.


Жоғары қарай