Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

Абай мерейтойына орай СҚО ақындарының мүшәйрасы өтті

2020 жылдың 27 ақпан 2020 22:08

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Өлең – сөздің патшасы» атты аймақаралық жас ақындар мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас ақындар сайысын ұйымдастырушы – Петропавлдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасы. «Өлең-сөздің патшасы» атты аймақаралық жас ақындар сайысына солтүстік өңірлердің: Нұр-Сұлтан қаласының, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының және Қызылжар өңірінің бірінші кезеңнен сүрінбей өткен жастары қатысты.

Ақындар талап бойынша өздерінің бұған дейін еш жерде жарияланбаған екі туындысын: біріншісі Абайға арнау, екіншісі еркін тақырыпта жазылған өлеңдерін таныстырды. Байқауға Жазушылар одағының СҚОФ төрағасы, қоғам қайраткері, журналист Жарасбай Сүлейменов пен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры, ақын – Дәулеткерей Кәпұлы қазылық етті.





Нәтижесінде, бас жүлдені Павлодар облысының тумасы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ сазды-драма театры басшысының орынбасары Жарқынбек Амантайұлы иеленсе, бірінші орынды М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 2 курс студенті Абылайхан Әшімхан, екінші орынды Қарағанды облысынан Салтанат Қайырбек, үшінші орынды Көкшетау қаласынан Қуаныш Оспанов иеленді.

«Алдын ала дайындалдық, толғаныс болды. Өйткені басқаға арнауды жазса жаза салатын шығармыз. Бірақ һәкім Абайға жазу өте ауыр. Абайды мектеп қабырғасында «Ғылым таппай мақтанбадан», одан есейе келе «Көзімнің қарасынан» асып тани алған жоқпыз, шынын айту керек. Абайға қазір басқаша көзқарас керек. Жалпы қазақ еліне, Абайды жаңа призмадан қарау, жаңашылдықпен қайтадан басқаша жұртшылыққа таныту қажет деп ойдамын. Сондықтан бұл өлең біраз толғаныспен туды», - дейді бас жүлде иегері Жарқынбек Амантайұлы.

Басқа қатысушылар: «Мағжан Жұмабаев», «Сәбит Мұқанов», «Ғабит Мүсірепов», «Сегіз сері», «Мұхтар Әуезов», «Кәкімбек Салықов» , «Сафуан Шәймерденов», «Ерік Асқаров» атындағы арнайы жүлделермен марапатталды.




















Жоғары қарай

Warning: file_put_contents(): Only 0 of 15740 bytes written, possibly out of free disk space in /home/admin/web/lenta.inform.kz/public_html/system/classes/Kohana/Core.php on line 920