Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Абай лебі – заманның тынысы: Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2020 жылдың 14 наурыз 2020 13:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтай қаласындағы «Генарал тауы шаңғы курорты» өз жұмысын қайта бастады - «Алтай ақпарат» сайты




Коронавирустың таралуына байланысты жабылған, Қытайдың Алтай қаласындағы «Генарал тауы шаңғы курорты» базасы 10-шы наурыз күні өз жұмысын қайта бастады, - деп жазады altxw.com сайты.




«Алтай қаласындағы «Генарал тауы шаңғы курорты» 10-шы наурыз күні келушілерге есік ашты. күнделікті жұмыс уақыты 10:00 - 19:00- ге дейін және түнгі шоу бағдарламасы 20:00 - 23:00 аралығында өтеді. Шаңғы базасында келген азаматтар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күніне төрт-бес рет кешенді дезинфекция жүргізіледі. Алаңға кірушілер алдымен температурасын өлшетіп, медициналық маска тағуы керек. Ал қазіргі уақытта бұл тауы шаңғы курорты Шыңжаңдағы туристер үшін ғана ашық», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.








Этникалық қазақ Елнұр Абдураимов Иорданияда алтын медальға қол жеткізді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі




Бокстан Азия құрлығынан Токио-2020 олимпиадасына іріктеу турнирінде Елнұр Абдураимов алтын медальға қол жеткізді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Ақтық сында Елнұр қазақстандық Закір Сафиулинге қарсы қолғап түйістіріп, үш раундтық жекпе-жекте төрешілердің шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетіп, өз құрамасының қоржынына екінші алтын медельді алып берді. Осыдан бұрын 57 келіге дейінгі салмақта Миразизбек Мирзахалилов Иордания құрамасының боксшысы Мохамм Алвадиді жеңіп, алтын алған болатын», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Еске сала кетейік, Өзбекстан құрамасының мүшесі, Ташкент облысының Бостандық ауданында туған этникалық қазақ Елнұр Абдураимов 2015 жылы Азия біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінсе, 2017 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан.


Монғолия мен Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтады - KAZNEWS




ҚР-ның Елшісі Ж.Әділбаев Моңғолия Президентінің экономика және индустрия саясаты жөніндегі кеңесшісі Ц.Эрдэнэбатпен кездесіп, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады, деп хабарлайды kaznews.

Монғолиялық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, 2020 жылғы 5 наурызда өткен кездесуде, тараптар ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен өндірісі, көлік логистикасы және авиация салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екендерін ерекше атап өткен.

Сонымен қатар, қазақстандық өндірушілердің көрмесін және сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысын Ұланбатырда өткізу мәселелері бойынша пікір алмасқан.


Шыңжаңда қауіпті індет ауыздықталып, қоғамдық жағдай қалпына келе бастады - Тяньшаньнет




Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде соңғы 24 күннен бері коронавирусқа шалдығудың жаңа жағдайы тіркелмеді, деп хабарлайды «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

Аталған ақпарата көзінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанмен шекарада орналасқан Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде 13 наурыз сағат 24:00-дегі жағдай бойынша коронавирус ауруына жаңадан шалдыққан адам жоқ екен. Шыңжаңда коронавирусқа шалдығудың алғашқы оқиғасы 23 қаңтарда тіркелген болатын. Жалпы, мұнда ауруды жұқтырудың расталған 76 оқиғасы анықталды. Мұның ішінде 73 науқас ауруханадан сауығып шықса, үшеуі қайтыс болған. Ал қазіргі күні 384 адам әліде медициналық бақылауда тұр.

«Осындай індеттің алдын алу шарасының оң нәтижесінен кейін, Шыңжаңда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай деңгейі төмендетілді. 9 –шы наурыздан бастап, Шынжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласындағы автовокзалдар өз жұмысына қайта кірісіп, 12 қалаға жолаушылар тасымалдай бастады. Сондай-ақ, Үрімжідегі ірі базарлар мен сауда-логистикалық орталықтары да өз клиенттеріне есіктерін ашты. Солардың бірі Үрімжідегі Хуалиң сауда орталығы 11 наурызда бизнесті қайта бастады. Сақтық шараларына сай, саудагерлер мен базарға келушілер алдымен дене температурасын өлшеткеннен кейін ішке кіре алады», - деп жазады «Тяньшаньнет».

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Қытайда 17 ақпаннан бастап мектептер онлайн режимінде оқытуға көшкен болатын. Енді Шыңжаңдағы төтенше жағдайдың тұрақтануына байланысты, жоғары оқу орындары мен колледжждерге мемлекеттік емтихан тапсыратын 9, 12-ші сынып оқушыларына мектепте сабақ бастау 16-шы наурызға жоспарланған.


Абай лебі – заманның тынысы - «ӨзА» ақпараттық агенттігі




Қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау жер бетіндегі қазақпын деген халыққа ортақ шара, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Осындай игі іс-шараның бірі Өзбекстан жерінде қоныс тепкен қазақ қауымының арасында, Ташкент облысы, Қыбырай ауданындағы №9 жалпы орта білім беретін мектепте жоғары деңгейде өткен. Аудандық қазақ мәдени орталығының төрағасы Жақсылық Оразбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Артында өлмейтұғұн сөз қалдырған» атты әдеби кешке, Ташкент облыстық қазақ мәдени орталығының төрағасы Дәмір Қалдыбаев және сол елдегі танымал қазақ қаламгерлері Боран Қыдыров, Мекембай Омаров, Құлмахан Дүйсенов секілді белгілі тұлғалар қатысқан.




«Әдеби сазды кешке әрбір мектеп оқушысы арнайы дайындықпен келген. Өйткені олардың Абай мұрасынан «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас» әндерін құйқылжыта шырқағаны, «Татьянаның хаты» өлеңі мен «Ескендір» поэмасына арналған сахналық қойылымы барша көрерменге ұнады. Айтулы шарада білікті ұстаздар қауымына қазақ мәдени орталығының сыйлықтары және алғыс хаттары табысталды. Мектептердегі кітап қорын толықтыру мақсатында қатысушылар жеке кітапқорынан өз кітаптарын оқытушыларға тарту етті. Бұл барлығына таптырмас сыйлық болды», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.





Ибрахим Еренге Шыңғыс Айтматов атындағы ТҮРІКСОЙ медалі табыс етілді - TRT




Түркия Радио және Теледидар басқармасы (ТРТ) Бас директоры Ибрахим Ерен түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРІКСОЙ тарапынан «Түркі әлемінің мәдени тұтастығына қосқан үлесіне» орай «Шыңғыс Айтматов Алтын медаліне» лайықты деп табылды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Ибрахим Ерен ТҮРІКСОЙ ғимаратында ұйымдастырылған марапат рәсіміндегі сөзінде осындай қымбатты медальді алғанына мақтаныш сезінетінін айтқан. Содай-ақ, ТРТ Совет одағы ыдыраған 1990 жылдардан бері Түркістан және Түрік-Ислам географиясында өз өкілдіктерін ашқанын еске салған. Сонымен бірге ол соңғы жылдарда 14 теледидар және 16 радио арнасы бар ТРТ-нің әлемдегі ең ірі мемлекеттік ақпарат орталықтарының біріне айналғанын атап өткен.

ТРТ-нің ынтымақтастығымен ТҮРІКСОЙ-дың түркі әлемінің тіліне, мәдениетіне және өнеріне қосқан үлесі теңдесіз екенін айтқан Ерен: «Түркістан географиясы мен Анадолының қарым-қатынастарын жандандыру және саналарды ояту мақсатымен бағдарлама, сериал және деректі фильмдер жасаудамыз және мұны жалғастырамыз» деді.

«ТҮРІКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ТҮРІКСОЙ-дың бабалардан қалған бай мәдени мұраларды жандандыру, әлемге таныстыру және болашақ ұрпақтарға жалғау мақсатымен әлемдегі түрліше елдерде іс-шараларды жалғастырып жатқандарын айтты. Дүйсен Қасейінов ширек ғасырдан астам уақыттан бері ТҮРІКСОЙ-дың іс-шараларына ТРТ-нің әрқашан қолдау бергенін атап көрсетті. Баяндамалардан кейін Дүйсен Қасейінов Ибрахим Еренге медаль мен Шыңғыс Айтматов альбомын табыс етті», -деп жазады TRT.



Автор Бақытжол Кәкеш
Басты сөздер: БАҚ,
Жоғары қарай