Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Абай ілімін терең түсінуіміз тиіс - Сәпен Аңсатов

2020 жылдың 10 тамыз 2020 20:58

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Біз Абай ілімін терең түсініп, сол бойынша әрекет етсек, өзгелер қызыға қарайтын халыққа айналамыз. Ол үшін дала данышпаны айтқан жат әдеттерден бойымызды аулақ ұстағанымыз жөн» деді Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатов ҚазАқпарат тілшісіне.

«Биыл Абайдың 175 жылдығына орай елімізде түрлі шаралар, жиындар, дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді. Көпшілік назарына кинолар мен спектакльдер ұсынылды. Жалпы, Абайды дәріптеуден, насихаттаудан кенде емеспіз. Еліміздің барлық қаласы мен аудандарда дала данышпанының құрметіне қойылған ауылдар, көшелер мен мектептер бар. Еңселі ескерткіштер бой көтерген», - деді ол әңгіме басында.

Оның айтуынша, Қытай халқы өз елінің ұлы ойшылы Конфуций іліміне ден қойып, бүгінде әлем жұртшылығы алдында беделін биіктете түсті. Бұл мемлекетте жер шары халқының бестен бір бөлігіне жуығы өмір сүреді.

«Қазір әлемнің барлық еліне барсаңыз, Қытайда шығарылған өнімдерді кездестірмеу мүмкін емес. Ойланып көрелік, олар мұндай табысқа қалай қол жетізіп отыр? Осы мәселеге ден қойып көрелік. Қытай халқы Конфуция ілімін дәріптейді. Өз елі мен көптеген мемлекеттерде оның ілімін оқытатын орталықтар мен институттары бар. Өкінішке орай, бізде Абай ілімін дәріптеу жөнінен әзірге мұндай биікке көтеріле қойған жоқпыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық басылымда жарияланған мақаласында Абайдың бес дұшпаннан қашық болу қажеттігі жөнінде айтқан ойлы пікіріне назар аударды. Алаш баласы өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ секілді жат әдеттерден бойын аулақ ұстағаны дұрыс. Несіне жасырамыз, мұндай кемшіліктер бойымызда әлі күнге дейін кездеседі. Өтірік айтатын адамдар арамызда аз емес. Өсек өрті де өршіп тұрғанын аңғарамыз. Мақтаншақтық қасиетіміз әлі де бар. Біз өткенімізді айтып, мақтан жасауға да әбден құмармыз. Халық өз тарихынан тағылым алуы қажет шығар. Бірақ, оны құр мақтанға айналдыру әбестік. Ертеңін ойлаған әрбір ұлт бүгінгі тіршілігін бекемдегені дұрыс. Біз Абай ілімін санамызға шегелеп, келешек ұрпақ бізді мақтан тұтатын әрекет жасағанымыз өте орынды болады», - деді Сәпен Аңсатов.

Ол кісі Абай ілімі біздің идеологияның бағдаршамы болуы тиіс екеніне тоқталды. Рухани жаңғыру дегеніміз - Абайдың толық адам концепциясын меңгеріп, соның жолында санамыздың, атқаратын ісіміздің озық болуы.

«Әлемнің көш бастаған елдерімен иық тірестіріп жүруміз үшін сол қағиаданы қаперде ұстауымыз тиіс. Біз өтірік айтпау үшін емес, өтірік айта алмайтын жағдайға жеткеніміз жөн. Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген даналығын әрбіріміз жақсы білеміз. Халқымыздың білімді азаматының бірі Мырзагелді Кемел кезінде «Бірін-бірі көре алмай жүрген қазақты бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын қазақ етсе екен» дейді. Бұл Абайдың жоғарыда айтқан сөзімен қабысып жатыр. Бірлік пен ынтымақтың жолы берекеге бастайтыны белгілі.

Жалпы, Абайдың әлеміне терең бойлау оңай іс емес. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын түсініп оқып шығудың өзі әрбір адамға жеңіл тимейді. Алаш жұртына есімі жақсы танымал ғалым, марқұм Әуезхан Қодар «Абайдың ілімімен жүретін қоғам жасауымыз міндет» деген ойын білдірген еді. Менің айтарым, әрбір адам өзіне сұрақ қойып жүруі тиіс. Елдің келешегін ойлаған әрбір азамат «Мен Абай айтқан жаман қасиетті ұстанып жүрген жоқпын ба» деп өзіне сын көзбен қараған жағдайда ол бізді ізгілікке бастайтыны сөзсіз», - деді ол.

Сәпен Аңсатов бүгінгі мерейтой қазақ қоғамына үлкен серпіліс береді деген ойда екенін жеткізді.

«Ақпарат көздері арқылы алдағы уақытта елордадағы Еуразия университетінің жанынан Абайтану орталығы мен институт ашылатынын білдік. Орта мектептің оқулықтары мен хрестоматияларына Абайтану пәні енгізілетінінен хабардармыз. Ол жоғары оқу орындарында да оқытылады. Мұның өзі – үлкен жұмыс. Келешекте қазақ халқы Абай рухы риза боларлық болмыс қалыптастыруы тиіс. Шығыстың ұлы ойшылы Фердоуси заманынан жеткен «Қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ, қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ» деген сөз бар. Қазір біздің киіміз бүтін, сондықтан рухани жетілу үшін ішкі жан-дүниемізді түзеуіміз керек. Сонда ғана Абай ілімін терең түсініп, өзгелер қызыға қарайтын халыққа айналамыз. Жаман әдеттен арыламыз. Қоғамда ортақ сана қалыптастыратын жүйе қалыптасады.

Елімізде Абай ілімімен жүретін қоғам қалыптастыру үшін кешенді үлкен бағдарлама болуы тиіс. Мерейтой аталып өткеннен кейін де бұл бағытта нақты жоспар жасалып, сол бағытта нәтижелі істер атқарғанымыз артық емес», - деді С.Аңсатов.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қызылорда облысы, #Аbai175,
Жоғары қарай