Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі Түркістанда өтеді

2021 жылдың 25 қазан 2021 17:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл дәстүрлі ÁMEN халықаралық анимациялық фильмдер кинофестивалі Түркістан қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

29-30 қазан күндері үшінші рет ұйымдастырылатын халықаралық шараға отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда Түркия, Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Тәжікстанның білікті мультипликаторлары қатысады.

«Байқауға анимация саласында белгілі мамандардан құрылған халықаралық қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша марапатталады. Одан бөлек, фестиваль аясында шетелдік озық мультипликаторлардың шеберлік сыныптары мен тренингтері жоспарланған. Қатысушылар әлемге танымал 4 маманның дәрісін тыңдап, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, фестиваль қонақтары Қазақстанның үздік анимациялық киностудиялары көрмесін тамашалайды. Онда киностудиялар анимация жасаудың қыр-сыры мен ерекшеліктерін көрсетіп, жас мамандар үшін тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастырады», - деп хабарлады фестиваль ұйымдастырушылары.

Бағдарлама бойынша, фестивальдің екінші күні түркі елдеріндегі кино өнерінің даму бағыттарына, бүгіні мен ертеңіне арналған дөңгелек үстел өтеді. Шетелдік және отандық анимация саласының мамандары өзара байланыс орнатып қана қоймай, өзекті тақырыптарда пікір алмасып, түркітілдес елдердің анимация саласындағы ынтымақтастығына жаңа серпін бермек.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған фестивальдің биыл Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістан қаласында өтуі де айрықша мәнге ие. Ұйымдастырушылар шаһар тұрғындары мен қонақтарына мерейтой қарсаңында айрықша сый жасамақ. Түркістандықтар екі күн қатарынан қаладағы ең үздік кинозалдардан еліміздің және түркі елдерінің ең үздік анимациялық фильмдерін тегін тамашалайды», - дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, дәстүрлі фестивальді OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады.


Жоғары қарай