Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«760greenkm» эко-марафонына қатысушылар Петропавлда болды

2020 жылдың 28 қыркүйек 2020 11:57

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Талдықорғаннан бастау алған «760greenkm» экологиялық марафонына қатысушылар Петропавлда болды. Әуесқой спортшылар облыс орталығының көшелерімен 42 шақырымды жүгіріп өтіп, акция аясында көшеге тал отырғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық кәсіпкерлер, алысқа жүгіруден тәжірибесі бар әуесқой спортшылар Дмитрий Ким, Ғалым Чуашев және Айдын Сәдібеков бұл іс-шараны бір апта бұрын бастаған еді. Осы аралықта олар еліміздің шығысы мен орталық және солтүстігіне қарайтын жеті қалада болды. Петропавл – эко-марафоншылар келген сегізінші қала. Алайда акцияға бұл жолы Дмитрий Ким мен Ғалым Чуашев қана қатысты. Айдын Сәдібеков алған жарақатына байланысты жүгіре алмады.

«Бұл идея – менікі. 18 қаланы 18 күнде бағындырамыз. Әр қалада классикалық марафон жүгіреміз, яғни 42 шақырымды. Біз жай ғана жүгіріп өтпей, акция аясында тал отырғызамыз деп шештік. Осылайша ең кемі 760 ағаш отырғызу жоспарымызда бар. Әр өңірде бізге жергілікті марафоншылар қосылады, жол көрсетеді», - дейді әуесқой-спортшы Ғалым Чуашев.





Жоспар бойынша «760greenkm» эко-марафонына қатысушылар 760 шақырымды жүгіріп өтулері қажет. Сегіз күннің ішінде олар Талдықорған, Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларында болды.

«Әр қалада экологиялық мәселе бар. Біздің мақсатымыз осыған қоғамның назарын аударту. Біз жүгіріп өткен кей қалада жүгіретін спортшыларға жағдай жасалмаған. Тіпті арба сүйреген аналарға жүретін жолдар қарастырылмаған», - дейді Дмитрий Ким.

Петропавл көшелерімен 42 шақырымды жүгіріп өткен әуесқой спортшылардың келесі бағыты – еліміздің батысы. Жалпы «760greenkm» эко-марафоны 7 қазан күні Алматыда аяқталмақ.





Жоғары қарай