Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

7 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 7 шілде 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 7 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1970 жылы Алматы облысы Ілеу ауданы Новоилийск кенті облыстық маңызы бар қалалар тізіміне енгізіліп, оған Қапшағай қаласы деген атау берілді. Ежелгі түркі сөзінен аударғанда «Қапшағай» сөзі «тас шатқал» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминнің тағы бір нұсқасы бар, ол бойынша қазақ қолбасшысы Қаптағай батыр жоңғарлармен соғыс кезінде осы жердегі өзен арқылы өтіп, оның арнасын құм салынған қаптың көмегімен жаппақ болған.

1977 жылы Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты (қазіргі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты) құрылды.

1982 жылы Оралда қазақ халқының батыр қызы, Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірінен сыр шертетін мемориалдық мұражай үйі ашылды. Мәметова Мәншүк (шын есімі - Мәнсия) Жиенғалиқызы (1922-1943) - қаһарман қазақ қызы, Совет Одағының Батыры (1944).
Орал облысында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде Алматы медицина институтында оқып жүрді. 1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы - Андрей Михалков-Кончаловский, режиссері - Мәжит Бегалин) көркем фильмі түсірілді.

1999 жылы Ақтөбеде ақын Нұрпейіс Байғанинге ескерткіш орнатылды.

Нұрпейіс Байғанин (1860-1945) - халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Анасы Үміт әнші, домбырашы әрі ақын болыпты, айтыстарға қатысқан. Ол ақындық өнерді ең алғаш анасынан үйренген. 16-17 жасынан-ақ «бала жыршы» атанады. Кейіннен Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Сабыр тәрізді белгілі ақындардан үлгі алып, бірқатарымен айтысқа түседі, батырлық жырларды үйренеді. Нұрпейіс Байғанин негізінен батырлықты, адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, халық сүйіп тыңдайтын «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты жыр, дастандарды жырлаған. Ол жырлаған «Қобыланды батыр» жыры - осы жырдың басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқаларынан көлемі молы, оқиғасы жағынан мазмұндысы. Жыршының ертеректе жырлаған дастан, жыр нұсқалары кезінде жазылып алынбаған. Ол эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып, халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз туындаларын шығарды. Ақын жыр алыбы Жамбыл сияқты Қазақстанның біраз жерлерін аралап, Алматы, Мәскеу қалаларында болып, ертеден келе жатқан жыраулық дәстүрді халқына қайта тарту етті. Оның өмірі мен шығармашылығы Есмағамбет Ысмайыловтың, О.Нұрмағамбетованың, К.Сейдехановтың зерттеулерінде қарастырылған. Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар. Ақтөбе және басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге ақын есімі берілген.

2010 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ жариялаған Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы аясында Польшада Қазақстан елшілігінің қолдауымен «Қазақтың 100 әні. Таңдамалы шығармалар» қазақтың музыкалық шығармаларының бірегей жинағы жарық көрді. Жинақ авторы - Александр Затаевич. Ол үш тілде - қазақ, поляк және орыс тілдерінде жарық көрген.

2012 жылы Павлодар облысында пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әйгілі сахабасы Хазірет Әлидің тікелей ұрпағы, ислам дінін таратушы, ағартушы Исабек ишан Қазіреттің 220 жылдық мерейтойы атап өтілді. Ол қазақ халқының дін ғұламаларының бірі, жұрт арасында әулие атанған философ Мәшһүр Жүсіптің ұстазы.

Мерейтой аясында Ақкөл-Жайылма ауылында Исабек ишан Қазіреттің мұражайы ашылды. Онда Павлодар өңіріндегі ислам тарихы, қожалар шежіресі, Исабек Қазірет туралы аңыздарға негізделген иллюстрациялар, Мәшһүр Жүсіп туралы экспозициялар орналасқан.

2012 жылы Шымкентте Астана атты жаңа даңғыл ашылды.

2013 жылы Қазанда ресми түрде Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ашылды. Ресейдегі Қазақстан Елшісі Ғалым Оразбақов Татарстан Президенті Рустам Миннихановқа және Қазан қаласының мэрі Ильрус Метшинге қала орталығынан консулдыққа ғимарат бөліп бергені үшін алғысын білдірді. Ол осы ғимаратта Қазақстанның сауда өкілдігі және «Эйр Астана» әуе компаниясының аймақтық бөлімшесі орналасатынын айтты.

2014 жылы Астанада «Астана Bike» велопрокат стансалары желісі жұмыс жасай бастады. Велостансалар Астананың сол жағалауының орталық бөлігінде 300-500 м арақашықтықта орналасқан. Олар күн энергиясынан қуат алады.

2018 жылы танымал суретші Алмагүл Меңлібаеваның өнер туындылары Венеция биенналесінің үздік көркемсурет жобаларының алтылығына енді. Алмагүл Меңлібаеваның жұмыстары 2005 жылдан бері әлемдік экспозицияларда көрсетіліп келеді. Мәселен, Венецияның өзінде оның туындылары бұған дейін үш рет көрсетілді. Мұнан бөлек, оның еңбектері Сидней, Киев және Мәскеудегі фестивальдерде зор сұранысқа ие болды.

2019 жылы Нұр-Сұлтанда XV «Еуразия» халықаралық кинофестивалі өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен актерлер, режиссерлер мен продюсерлер жиналды. Бас жүлде қазақстандық режиссер Фархат Шариповтің «Тұлғалық өсу тренингі» фильміне берілді.

Марапатты фестивальдің халықаралық қазылар алқасының төрағасы, танымал венгр режиссері Тамаш Тот табыс етті.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай