Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

7 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 7 маусым 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 7 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1924 жылы Ақтөбе облысында қазақ тілді «Ақтөбе» газетінің алғашқы саны шықты. Басылым бірнеше рет атауын өзгерткен. Бастапқыда ол «Кедей», кейін «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Коммунизм жолы», ал Қазақстан тәуелсіздігін алуымен «Ақтөбе» деп атала бастады.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Еуразия мемлекеттер одағын құру туралы» жобасы баспасөзде жарияланды.

2005 жылы Семейде Абай ұрпақтарының бірі Ілияс Ысқақовтың «Ақын жүрегі» жинағы жарыққа шықты.

Кітапты құрастырып баспаға әзірлеген - семейлік журналист Балтабек Ерсәлімов. Ілияс Ысқақов - Абайдың немере туыстарының бірі. Сталиндік зұлмат жылдарында оның әкесі екі рет халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшырады. Ал Ілиястың өзі бұл күнді көре алмай көз жұмды. Бірақ туыстарына кітабын шығаруды аманаттап кеткен екен. Енді осы игілікті шараны ұлы, Абайдың тағы бір ұрпағы жүзеге асырды.

2010 жылы Қазақстан Республикасында ISO 13616: IBAN халықаралық талаптарға негізделген ISO 13616: IBAN (International Bank Account Number - банк шотының халықаралық нөмірі) және ISO 9362: BIC (Bank Identifier Codes - банктік идентификациялық коды) клиенттердің жаңа банк шотының халықаралық нөмірі мен банктік идентификациялық коды қолданыла бастады.

2012 жылы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында ҚР мен РФ арасында Қазақстан мен Ресей шекаралас аудандары азаматтарының әр елде 30 тәулік бойы визасыз болуы туралы Келісімге қол қойылды.

2013 жылы Қазақстанда «Қазақстанның Қызыл кітабы» сериясынан екі «Ұзын инелі шырша» ескерткіш монетасы шығарылды. Монеталардың бірі «proof» сапалы күмістен соғылды, номиналы 500 теңге. Екіншісі нейзильбер қоспасынан соғылды, номиналы 50 теңге.

2014 жылы Қазақстанда әлемде теңдесі жоқ «Бүкіләлемдік бокс академиясы» алғашқы оқу-жаттығу спорт кешені салынды.

Бүкіләлемдік бокс академиясы - халықаралық стандарттар бойынша салынған бірегей ғимарат. Мұнда жаттығуларға және жарыстар өткізуге арналған залдар, спорт бассейні, кәсіби футбол алаңы, теннис корты, баскетбол және волейбол алаңдары, жаттығу залы, сондай-ақ 160 адамға арналған қонақ үй, конференц-залдар, дәмхана және асхана бар.

2017 жылы белгілі боксшы Геннадий Головкин өзінің атындағы спорт кешенін ашты. Айта кету керек, мұндағы барлық секциялар тегін.

Үшқабатты жаңа ғимаратта 25 метрлік бассейн, ауыр атлетика залы, трибунасы бар ойын залы, боксқа арналған зал, екі футбол алаңы бар. Спорт кешенінің аумағы - 2384,3 шаршы метр.

2017 жылы ТМД елдерінің туристері арасында аса танымал тарихи қалалардың ТОП-10 тізімінде Түркістан қаласы (Қазақстан) көш бастады. Бұдан бөлек тізімге Самарқанд (Өзбекстан), Бұхара (Өзбекстан), Тараз (Қазақстан), Гянджа (Әзербайжан), Витебск (Беларусь), Хиуа (Өзбекстан), Гюмри (Армения), Худжант (Тәжікстан) және Мары (Түрікменстан) қалалары кірді.

Рейтинг өңірлік туристік кеңселердің мәліметі және турлардың ұсыныстарының талдауларының нәтижесінде жасалды. «ТурСтаттың» мәліметінше, Түркістан қаласына жыл сайын 1 миллионнан астам адам қыдыруға және қажылыққа барады.

2018 жылы Қазақстан алғаш рет ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар комитетіне сайланды. ЮНЕСКО-ның беделді органына сайлау 2018 жылғы 4-6 маусым күндері Парижде Бас ассамблеяның Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау туралы конвенциясын қолдайтын мемлекеттердің 7-сессиясы аясында өткізілді. Сессияға қатысқан 156 елдің 98-і Қазақстанға дауыс берді. Еліміздің кандидатурасын қолдаған көптеген делегаттар Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы сарапшыларының кәсіби білігін жоғары бағалады. Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі конвенция 2003 жылы қабылданып, бүгінге дейін оны 178 мемлекет ратификациялаған. Бүгінгі таңда Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұралар жөніндегі Ұлттық комитет сарапшыларының күш салуымен Қазақстанның сегіз мәдени мұрасы, атап айтқанда: күй, қазақ күресі, асық, айтыс, киіз үй тігу, құс салу, Наурызды тойлау дәстүрлері, жұқа нан пісіру өнері (қатырма/лаваш/жұпқа) енгізіліп отыр.

2019 жылы 8 жасар қазақстандық Сауат Нұрғалиев Франциядағы рапид пен блиц ашық чемпионатында тез шахматында «алтын» жүлде жеңіп алды. Сауат 539 шахматшының арасында Қазақстанның атынан жалғыз өзі қатысты.

2019 жылы Муз-ТВ 2019 премиясында арнайы қонақ болған Димаш Құдайберген қызыл кілемді ашты. Сондай-ақ, қызыл кілеммен жас қазақстандық әнші Ержан Максим жүріп өтті.


Басты сөздер: Қоғам, Оқиға,
Жоғары қарай