Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

7 қаңтар. Туған күн иелері

2020 жылдың 7 қаңтар 2020 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 7 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР





115 жыл бұрын (1905-1973) қазақтың атақты әншісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Құрманбек ЖАНДАРБЕКОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. Ташкент педагогикалық училищесін, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік бөлімін және Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы қызметтерін атқарған.

Бекежан (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Тарғын («Ер Тарғын»), Жалбыр («Жалбыр») партияларын орындап, әншілік шеберлігін танытты. Режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Гвардия, алға», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын қойды. Киноға түсіп, Жақас («Амангелді»), Қадырбай («Жамбыл»), Садық («Біз Жетісуданбыз») бейнелерін сомдады.

Жиырмасыншы жылдарда Ташкент қаласында өткен бір концертте қазақтың жетпістен астам әнін шырқаған.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Алматы қаласында бір көшеге аты беріліп, өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.





81 жыл бұрын (1939-2000) химия ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі Шайсұлтан ШАЯХМЕТОВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы элементтік-органикалық қосылыстар институтының аспирантурасын бітірген. 1987-1993 жылдары - Қазақ КСР Жоғары және орта арнайы білім министрі, Қазақстан Республикасы Халыққа білім беру министрі. 1997-1998 жылдары - Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту орталығының директоры. 1998-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жанындағы республикалық орталықтың директоры, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қорының президенті қызметтерін атқарған. Республикалық самбо және қазақша күрес бойынша федерациясының президенті болған.




71 жыл бұрын (1949-2014) ақын Ибрагим ИСАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық шығармашылық үйінде нұсқаушы, Қазақстан Жазушылар одағында көркем әдебиетті насихаттау бөлімінде тілші-әдіскер, «Ара - Шмель», «Жалын» журналдарында редактор қызметтерін атқарған. Ақын өлеңдері венгр, болгар тілдерімен қоса, туысқан біраз тілдерге де тәржімаланған. Өзі Коми әдебиетінің негізін салушы И.Кургатовтың, Ресей ақыны Н.Рубцовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Жас жазушылардың Бүкілодақтық VI кеңесіне қатысқан.

«Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.





71 жыл бұрын (1949) Қазақстанның саяси қайраткері Нұралы Сұлтанұлы БЕКТҰРҒАНОВ дүниеге келді.

Қазіргі Астана қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1971-1992 жылдары Химия-металлургия институтында инженер, кіші және аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі болды. 1992-1997 жылдары - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 1997-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ішкі саясат департаментінің директоры, вице-министрі. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі. 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Химия технологиялық зерттеу орталығының директоры, «Жер, металлургия және байыту туралы ғылымдар орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қиын байытылатын полиметалл шикізатын кешенді өңдеудің күрделі химиялық байыту процестерін зерттеуге арналған. Ол тотыққан минералдардың сульфидті минералдарға түрленуінің физикалық-химиялық заңдылықтарын ашты.

Техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.






69 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, ғарышкерТалғат Амангелдіұлы МҰСАБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін бітірген. 1987 жылдан АН-2 ұшағының 2-ші ұшқышы, командирі, 1989 жылы Ульяновск қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер және инженер-техник кадрлар дайындау орталығын бітіріп, Алматы біріккен авиаотрядының 1-ші ұшу отрядында ТУ-134 ұшағының 2-ші ұшқышы болды. 1990 жылы Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кіріскен. 1991 жылы оған «Ғарышкер-сынақшы» санаты берілген. 1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми-зерттеулердің 2-ші бағдарламасын орындады. 25-ші негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы қаңтардың 29-ы мен тамыздың 25-і аралығында «Союз-ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышта болды. Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл сапар барысында ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 3-ші бағдарламасы орындалды. 2001 жылғы сәуірдің 28-і мен маусымның 6-ы аралығында «Союз-ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедицияның экипаж командирі міндетін атқарды. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 4-ші бағдарламасы орындалды. 2003-2005 жылдары - Ю.А.Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының топ командирі. 2005-2007 жылдары - «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының бас директоры. 2007 жылдың 11 ақпаннан 11 сәуірге дейін Қазақстанның әуе-ғарыш агенттігінің директоры қызметтерін атқарған. 2007 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болды.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың шілдесінен бері.

1-ші дәрежелі Барыс, Отан, Халықтар достығы, Австрияның «Күміс Қыран», Ресейдің «1 дәрежелі Ұлы Петр» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.




68 жыл бұрын (1952) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдаланы және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитеттің мүшесі Марат Мырзағалиұлы ТАҒЫМОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Мартөк ауданында туған. Қазақ химиялық-технологиялық институтын бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе автожөндеу зауытында слесарь болып бастаған. 1975-2000 жылдары Ақтөбе қаласы және Ақтөбе облысында мекемелерінде және мемлекеттік органдарында әр түрлі лауазымдарда болған. 2000 жылы ақпаннан 2011 жылы ақпан аралығында - Алға ауданының әкімі, облыстың ішкі саясат департаментінің директоры, облыстық жолаушы транспорты және автомобиль жолдарының басқарма бастығының орынбасары. 2011 жылы мамырдан 2012 жылы қаңтар аралығында - Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары. 2012 жылы қаңтардан бастап Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2014 жылғы қазаннан қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.




55 жыл бұрын (1965) ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Серік Салауатұлы ҚОЖАНИЯЗОВ дүниеге келді.

Кузбасс политехникалық институтын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қызылорда филиалын бітірген.

1989-1992 жылдары - Қызылорда жөндеу-мехникалық зауытының инженер-технологы, шебері. 1992-1994 жылдары - «Серік» ШК директоры. 1994-1999 жылдары - «Арко-Инвест» ИЗҚ басқарушысы. 1999 жылы - Қызылорда бизнес-орталығының директоры. 1999-2000 жылдары - Қызылорда облысының әкімі жанындағы инвестициялар тарту және қор нарығын дамыту орталығының директоры. 2000-2001 жылдары - «Сенім» ЖАҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық менеджері. 2001-2004 жылдары - Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық даму бөлімінің меңгерушісі. 2005-2007 жылдары - Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры. 2007-2008 жылдары - Қызылорда қаласының әкімі. 2008-2012 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы. 2009-2012 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары және аумақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2012 жылдан - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі. 2014-2019 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілі.





51 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Қадіржанқызы БИЖАНОВА дүниеге келді.

Ол Қарағанды облысы Қаражал қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заң құқықтанушы, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бакалавр-қаржыгер, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын, Жоғары халықаралық бизнес мектебін - MBA «іскер әкімшілдік магистрі» дәрежесін, аталған Академияның «менеджмент» мамандығын - магистр дәрежесін, ІСА Халықаралық ұйымының (Ұлыбритания) комплеанс-офицері жоғары дәрежесін бітірген.

1987-1988 жылдары - кіші сатушы, 1988-1990 жылдары - сатушы, 1992-1997 жылдары - Қарағанды облысы Ульяновск аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1997-1998 жылдары - Қарағанды облысының Бұхар-Жырау ауданы прокурорының көмекшісі, 1998-2000 жылдары - Қарағанды қаласы прокуратурасының прокуроры, 2000-2001 жылдары - Қарағанды облысы прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, 2001-2005 жылдары - Қарағанды облысы прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау басқармасының бас прокуроры, 2005-2009 жылдары - Қарағанды облысы прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, 2009-2010 жылдары - Қазақсан Республикасы Бас прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау департаментінің Кәмелетке толмағандарға қатысты заңдардың қолданылуын қадағалау бөлімінің бас прокуроры, 2010-2011 жылдары - «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқармасы төрағасының кеңесшісі, 2011-2016 жылдары - «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Құқықтық бақылау департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2016 жылғы наурыз айынан бастап - Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» (2016), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2014), «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» (2014), «Прокуратура озаты» 2-дәреже (2006) медальдарімен наградталған.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай