Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

7-16 жастағы ерекше қажеттілігі бар балалар қандай жәрдемақы ала алады

2021 жылдың 24 қараша 2021 14:48

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков брифинг барысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жәрдемақыны арттыру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы 24 қазанда күшіне енді.

«Енді заңнама мемлекет көрсететін әлеуметтік көмекті, оның ішінде баланың денсаулық жағдайына, тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесіне және организм функцияларының бұзылуына байланысты мүгедектігі бойынша жәрдемақылардың мөлшерін саралауды көздейді. Сонымен қатар, 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға мүгедектік топтары комиссияның сырттай шешімі негізінде, яғни автоматтандырылған режимде орнатылатын болады», – деді Мұрат Мұратбеков.

Егер бұрын мүгедектікті топтар бойынша бөлу тек 16-18 жас аралығындағы балалар арасында болса, түзетулерден кейін 7-16 жас аралығындағы балалар арасында мүгедектік топтары пайда болды.




Жаңа шара осы балалар дертінің ауырлығына байланысты жәрдемақы мөлшерін белгілеуге мүмкіндік береді:

- бірінші топтағы мүгедек бала тиісінше 1,92 ТКД (ең төменгі күнкөріс деңгейі) және 1,49 АЕК алатын болады;

- екінші топтағы мүгедек бала – тиісінше 1,59 ТКД және 1,49 АЕК;

- үшінші топтағы мүгедек бала-тиісінше 1,4 ТКД және 0,96 АЕК.

Мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылды.

Қазіргі уақытта Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің деректері бойынша Алматыда 7 жастан 16 жасқа дейінгі 4 460 мүгедек бала тұрады.

«Мүгедектік топтарды медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері бір рет автоматтандырылған режимде белгілейтіні өте маңызды. Бұл МӘМС-та бар деректер негізінде сырттай шығарылған сараптамалық қорытынды болады. Енді балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне мүгедектік тобын анықтау үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ», - деді ол.


Жоғары қарай