Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

600 мыңнан астам қазақстандыққа 42500 теңгеден тағайындалды

2020 жылдың 10 сәуір 2020 18:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 616 мыңға жуық қазақстандыққа табысынан айырылуына байланысты 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 10 сәуір сағат 14.00-дегі жағдай бойынша, елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты 42500 теңге жәрдемақыны алу үшін 1 млн 785 мың 413 азаматтан барлығы 3 млн 593 мың 853 өтініш келіп түскен. Осылайша, 1 млн 808 мың 440 өтініш екі қайтара жіберілген. Осы ретте, министрлік келіп түсетін мәліметтерді қарау мерзімін қысқарту үшін өтінішті бір рет қана жолдауды сұрайды.

Осы уақытқа дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем барлығы 615 996 адамға тағайындалған.

«Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді. Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады», - деді ведомстводан.

Еске салайық, 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем келесі санаттарға беріледі:

–шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– жеке кәсіпкерлерге;

– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);

– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;

– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға.


Жоғары қарай