Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

6 мамыр. Туған күн иелері

2021 жылдың 6 мамыр 2021 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 6 мамырды тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.




85 жыл бұрын (1936) жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ілия ЖАҚАНОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 78 жасында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлкеттік университетіне түсіп, суретші мамандығын меңгеріп шыққан.

1959-1963 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің әдебиет және өнер бөлімнің меңгерушісі. 1963-1984 жылдары - Қазақстан теледидар және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы. 1984 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады. Алғаш рет оқырмандарына «Қайта оралған ән», «Хош бол, вальс» кітаптары арқылы танылған. Қазақтың ұлы күйші, қобызшысы Ықылас туралы романы «Кертологоо» деген атпен алғаш рет қырғыз тілінде, кейін «Ықылас» деген атпен қазақ тілінде жарық көрді. Оның қазақ өнері қайраткерлерінің өмірін зерттеу негізінде «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Аққулар қонған айдын көл» атты деректі жинақтары, сондай-ақ «Қарабура» тарихи-танымдық шығармалары, «Әселім әнім», «Даниярдың әні», «Еділ мен Жайық», т.б. халық арасына кеңінен танылған әндері бар. Қырғыз жазушысы Т.Қасымбековтың «Сынған қылыш» дилогиясын қазақ тіліне аударған. «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ» т.б. сал-серілер ғұмырнамалары, М.Төлебаев, Л.Хамиди, Б.Байқадамов, Қ.Мусиндердің шығармашылық портреттерін сомдаған туындылары мен «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты деректі фильмдері бар.




70 жыл бұрын (1951-2020) грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны, классикалық стиль балуаны, КСРО спортқа еңбегі сіңген шебер, Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген бапкері Жақсылық Әмірәліұлы ҮШКЕМПІРОВ дүниеге келген. Семей зооветеринарлық институтын және Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген.

Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры. 1971 жылы Қазақ КСР чемпионатын жеңіп алады, 1973 жылы КСРО біріншілігінің қола жүлдегері атанып, құрамаға алынды. 1980 жылы 48 кг салмақ дәрежесінде Олимпиада чемпионы болды. 1984 жылдан «Қайрат» ЕСҚ республикалық күрес мектебінің директоры. 1991 жылдан Қытайда құрама команда жаттықтырушысы. 1993 жылдан қоғамдық жұмыспен, бизнеспен айналысады. Еркін күрестен КСРО чемпионы; Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері; Мәскеудегі Олимпиадалық ойындардың чемпионы; әлем чемпионы (Осло, 1981); Әлем кубогының иегері (1982). Грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. КСРО және ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.




58 жыл бұрын (1963) «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қалижанұлы БЕКХОЖИН дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Орталық Азия университетін бітірген.

1994-1997 жылдары - «Хабар» агенттігі ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі, «Жеті күн» ақпараттық бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі. 1998-2003 жылдары - Қазақстан Республикасындағы «Мир» халықаралық телерадиокомпаниясының директоры. 2003-2009 жылдары «Литер-Медиа» ЖШС бас директоры, «Литер» және «Айқын» газеттері редакциялық кеңестерінің төрағасы. 2009-2019 жылдары – ҚР Президенті Телерадио кешенінің бас директоры. «Бас редакторлар клубының» президенті.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың тамыз айынан бастап. «Құрмет» орденімен марапатталған. «Жылдың үздік журналисі» номинациясында «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты (1996). Ресей журналистер одағының (1997) және Қазақстан журналистер одағы (2000) сыйлықтарының лауреаты. БАҚ саласындағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты (2008).


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай