Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

50 адамға дейін тұрғыны бар ауылдар медициналық қызметкермен қамтамасыз етіледі - ҚР ДСМ

2022 жылдың 18 мамыр 2022 11:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 50 адамға дейін тұрғыны бар ауылдар медициналық қызметкермен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын - медициналық-санитариялық алғашқы көмек. Бұл халыққа көрсетілетін барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет көрсететін медициналық ұйымдар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша барлық халық алатын медициналық қызметтің 80 пайызы осы МСАК көрсететін ұйымдардан алынуы қажет. Коронавирус инфекциясының пандемиясы осы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымындағы әлсіз және проблемалық жерлерді айқындап берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық алғашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің сапасын және халықтың қалың тобының, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратын адамдарға қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жүйелі жұмыстар басталып кетті», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Еліміздің бас дәрігерінің атап өтуінше, денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Оның ішінде, 50 адамға дейін тұрғыны бар ауылды медициналық қызметкермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ол биылдан бастап жүзеге асырылады.

«Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерде: 50 адамнан 500 адамға дейін медициналық пункттер; 500 адамнан 1500 адамға дейін фельдшерлі-акушерлік пункттер; 1500 адамнан бастап дәрігерлік амбулаторияны құру қарастырылған», - деді Ажар Ғиният.


Жоғары қарай