Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

5 жылда көлік инфрақұрылымына 5,8 трлн теңге инвестиция тартылды – министр

2019 жылдың 22 қазан 2019 09:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы 5 жылда көлік инфрақұрылымына 5,8 трлн теңге инвестиция тартылды.

Бұл туралы Үкімет отырысында Нұрлы жол» бағдарламасының іске асу барысын талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 5 жылда көлік инфрақұрылымының дамуына 5 триллион 800 миллиард теңгедей инвестиция тартылды. Оның 44 проценті немесе 2 триллион 540 миллиард теңге мемлекеттік қаражат болса, қалған 56 проценті немесе 3 триллион 274 миллиард теңге мемлекет-жекеменшік әріптестігін (МЖӘ) қоса алғандағы жеке сектор үлесіне тиесілі. Көлік салалары бойынша инвестицияның басым бөлігі автомобиль жолдары және теміржол жобаларына тиесілі – сәйкесінше, 37 процент және 40 процент», - деді министр.

Осындай ауқымды инвестицияның салынуы нәтижесінде, 2014 жылмен салыстырғанда негізгі мақсаттық көрсеткіштер өзгерді.

Жалпы ұлттық өнімде көлік секторының үлесі 7,9 проценттен 2018 жылы 8,2 процентке өсті, ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша 8,3 процентке жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, 400 мың жұмыс орны ашылғанын атап өткен жөн. Еңбек өнімділігі 1,7 есе артып, 5 миллион 100 мың теңгеден 8 миллион 700 мың теңгеге дейін өсті. Жалпы контейнерлер транзиті 3 есе артып, 271 мыңнан 825 мың жиырма футтық баламалы контейнерге (ЖФБ) дейін өсті. Транзиттен кіріс 4,3 есе артып, 180 миллиардтан 782,4 миллиард теңгеге дейін өсті. Жүк тасымалдарының транзиті 1,5 есе артып, 1 миллион 300 мыңнан 1 миллион 800 мыңға дейін жетті.

«Транзиттік авиажолаушылар саны 4 есе артты, биылғы жылдың соңына дейін 1 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз (2015 ж. – 250 мың жолаушы)», - деді Б. Атамқұлов.

Жоғары қарай