Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

5 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 5 тамыз 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 5 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық бағдаршам күні

1914 жылы болған оқиғаға байланысты 5 тамыз күні атап өтіледі. Осы күні Американың Кливленд қаласында заманауи құрылғылардың алғашқы үлгілері пайда болды. Оның қызыл және жасыл шамдары болды, ал түстерін ауыстырған кезде дыбыс сигналын шығарып тұрды.

Не дегенмен, ең алғашқы бағдаршамды британдық Джей Найт 19 ғасырда-ақ ойлап тапқан болатын. Бұл аппарат 1868 жылы Лондон парламенті ғимаратының алдына орнатылды. Үш жылдан кейін бағдаршам өздігінен жарылып, полицейді жарақаттады. Бұдан кейін бағдаршам 50 жылға ұмытылды. Тек 1910 жылы екі түсі бар алғашқы автоматты бағдаршам құрылғысы патенттелді. Қазіргі қолданыстағы үш түсті бағдаршамдарды алғаш рет 1920 жылы Детройт пен Нью-Йорк қалаларының тұрғындары көрді. Уақыт өте келе құрылғылар Америка мен Еуропаның түрлі қалаларында кең қолданыла бастады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1718 жылы Ертістен 18 шақырым төмен қарай Семей бекінісінің (Семей қаласы) негізі қаланды. Бекініс Ертістің жағалауында қарағай орманның ортасында орналасты. Қазіргі уақытта бұл жер «Ескі бекініс» деп аталады.

1997 жылы Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай тілінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

2007 жылы Алматыда қазақ тілінде әлем ертегілері енгізілген алғашқы CD-дің тұсаукесер рәсімі өтті.

Барлық материалдарды Қазақ радиосының редакциясы тапсырған. Бұл үнтаспаның бір ерекшелігі, барлық материалдар қазақ тіліне аударылған. Ертегілер мемлекеттiк тiлдi үйренгісі келген адамдарға арналған бағалы оқу құралы болып табылады. Жалпы 6 үнтаспа шығарылған, әрқайсысының ұзақтығы - 100 минут. Әр CD-ға 10-12 ертегі енген, соның ішінде «Мысық пен қоян», «Арыстан мен түлкі», «Ақылды адам» және т.б. ертегілер бар.
2008 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Есіл» ауданы құрылды.

Ол Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, Елорданың «Алматы», «Сарыарқа» және Ақмола облысының Целиноград аудандарымен шектеседі. Жалпы ауданы - 31,2 мың гектар жерді құрайды. Ауданға кіретін тұрғын алаптары - Пригородный, Ильинка, Шұбар, Тельман, Қараөткел, Заречный. Ауданда ірі сауда орталықтары, әкімшілік және бизнес ғимараттар, тұрғын үйлер т.б. бар.

2010 жылы «Жаңа толқын 2010» байқауының қазақстандық финалисі Қайрат Түнтеков таза күмістен, алтыннан және гауһардан жасалған скрипка кілтін иеленді.

2011 жылы Мәскеу тұрғыны Александра Понютина Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік өнер музейіне танымал суретші Александр Риттихтің 1930 жылы салған төрт картинасын сыйға тартты. Александр Риттих (1889-1945) көп жыл Қазақстанда тұрып, еліміздегі бейнелеу өнерінің дамуына үлкен үлес қосты.

2013 жылы Астанада Қазақстан тарихында алғаш рет шаңғы роллері бойынша ашық елорда кубогы өтті.

2013 жылы Алматыда «Астана» алаңында ең үлкен скейтборд таныстырылды. Оның ұзындығы 4,5 метр, ені 1,5 метр.

2017 жылы Арал маңында Жалағаш ауданының тұрғыны ежелгі Құран кітабының мұрагері атанды. Қасиетті кітап Мырзабай Ақынның мавзолейін қайта құрылымдау кезінде табылды. Мамандардың айтуынша, бұл кітап жер астында 150 жыл көміліп жатқан.

2018 жылы «Шілік фермерлері» жобасы Лондонда «Жылдың үздік әлеуметтік-экономикалық жобасы» номинациясында CSR Excellence Award халықаралық сыйлығын иеленді.

2019 жылы Нұр-cұлтан қаласының №1 ауруханасының политравма және эндопротездеу бөлімінің меңгерушісі Руслан Ботаев сүйек остеосинтезіне арналған бірегей пластинаны ойлап тапты. Ол сынған жамбас сүйегін жедел хирургиялық емдеу үшін қолданылып, адамдарға қозғалу мүмкіндігін қайтарады. Диагностика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін Руслан Ботаев «Altyn shipager» сыйлығының бас жүлдесіне ие болды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай