Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

5 мамыр. Туған күн иелері

2021 жылдың 5 мамыр 2021 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 5 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




125 жыл бұрын (1896-1979) актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Серәлі (Серке) ҚОЖАМҚҰЛОВ дүниеге келді.

Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Троицкідегі Уазифа мектебінде, Орынбор қаласындағы Татар халық ағарту институтында оқыған. Осы жылдары «Мұсылмандар клубында» Б.Майлиннің «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», «Қасқырбай», «Неке қияр» т.б. шағын пьесаларда рөлдерді ойнаған. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрына И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Шаниндермен бірге Қожамқұловтың шақырылуы оның актерлік өміріне даңғыл жол салған елеулі оқиға болды. Осы тұста сахна өмірінен тәжірибесі мол Қожамқұлов театрдың алғашқы режиссері ретінде қызмет етті. Театр 1926 жылы қаңтардың 13-де ресми түрде ашылып, бірнеше спектакльді сахнаға шығарды. Ол 30-шы жылдардан бастап «Райхан», «Амангелді», «Ана туралы аңыз», «Тыныштық», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», т.б. фильмдерге түсіп, Қазақстанның кино өнерінің дамуына өз үлесін қосты. Қожамқұлов туралы режиссер Қ.Әбусейітов «Сераға» атты деректі фильм түсірсе, композитор Ә.Бейсеуов «Сераға туралы әнін» шығарған. Жезқазған қаласындағы музыкалық драма театры мен Алматыдағы бір көшеге есімі берілген. Үш мәрте Ленин орденімен, Қазан революциясы, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.




61 жыл бұрын (1960) «Астана медицина университеті» КЕАҚ ректоры, басқарма төрағасы Дайнюс ПАВАЛЬКИС туған.

Литваның Каунас қаласында дүниеге келген. 1978 жылы Каунас медицина институтының жалпы медицина факультетін бітірді. 1990 жылы Мәскеудің проктология ғылыми-зерттеу институтын (Ресей) және Литваның Каунас медициналық институтын бітірді. Медицина ғылымдарының докторы. 1986-1993 жылдары Литваның Каунас медицина институтында хирург көмекшісі болып жұмыс істеді. 1993 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін Лондондағы Сент-Марк ауруханасында хирург көмекшісі болып жұмыс істеді. 1993-1995 жылдары Литваның Каунас медицина академиясының бас дәрігері болып жұмыс істеді. 1995 жылы Литваның Каунас медициналық академиясында доцент дәрежесін алды. 1995 жылы Литвадағы Каунас медициналық академиясының ассистенті болды. 1995 жылдың қыркүйегінен қазан айына дейін Нью-Йорктегі Memorial Sloan-Ketting Cancer Center-да және Массачусетстің Берлингтон қаласындағы Lahey Клиникасында ғылыми тағылымдамадан өтті. 1995 жылдан 1997 жылға дейін Каунас медициналық университетінің ауруханасында және Литва Каунас аудандық ауруханасында бас хирург болып жұмыс істеді. 1997 жылдың мамыр-маусым айларында Афинаның Agia Sophia университетінің ауруханасында, және Erytheon университетнің ауруханасында, Португалияның Coimbros университетінің ауруханасында интернатура өтті. 1997 жылдан 2007 жылға дейін Литваның Каунас университеті ауруханасында хирургия кафедрасының меңгерушісі болды. 1997 жылдан 2010 жылға дейін Литваның Каунас Университеттік ауруханасында хирургия департаментінің коло-проктология бөлімінің бастығы болды. 2006 жылдан бастап 2012 жылға дейін Литваның Каунас университетінің ауруханасында хирургия кафедрасында профессор болып жұмыс істеді. 2009 жылы Каунас медицина университетінің профессоры, Литва. 2010-2011 жылдар аралығында Литваның Балтық-Америкалық ауруханасының жалпы медицина кафедрасының директоры болды. 2010 жылдан бастап 2012 жылға дейін Литва денсаулық ғылымы университетінде профессор болып жұмыс істеді. 2012 жылдан бастап 2015 жылға дейін Литва Республикасының Білім және ғылым министрі қызметін атқарды. 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін Литваның Каунас клиникасының инновация және даму бөлімінің меңгерушісі. Литва денсаулық ғылымы университетінің хирургия факультетінің профессоры. 2018 жылдан 2019 жылға дейін С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің провосты қызметін атқарды. 2019 жылғы 28 ақпаннан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес «Астана медицина университеті» КЕАҚ ректоры болып тағайындалды. Қазіргі таңда Еуропа Комиссиясының Консультативтік тобының мүшесі RISE HL, зерттеу, инновация және ғылыми саясат жөніндегі сарапшылар тобы. SPH мүшесі, Еуропалық Комиссияның денсаулық сақтау бойынша ғылыми тобы. Каунас қаласының мэрінің кеңесшісі.




59 жыл бұрын (1962) Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, басқарма төрағасы Нұрлан Орынбасарұлы ДУЛАТБЕКОВ дүниеге келді.

Заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі. 150-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. «Достық» (II дәрежелі) орденінің иегері. 1984 жылы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды аяқтап, 1992 жылы ҚР ҒА философия және құқық институтының аспирантурасын тәмамдады. 1984 жылдан 1996 жылға дейін Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де қылмыстық құқық және криминология кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент және кафедра меңгерушісі. 1996 жылдан бастап 2013 жылға дейін Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры, «Карлаг – болашақ үшін есте сақтау» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. 2013 жылдың маусым айынан бастап 2016 жылдың наурызына дейін Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы. ҚР Парламенті Мәжілісінің (VI шақырылым) депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі (2016-2020). Қазіргі қызметінде 2020 жылдың тамыз айынан бері.




59 жыл бұрын (1962) әнші, сазгер, заманауи хит-әндердің авторы, Британдық композиторлар мен ән авторлары академиясының (B.A.C.S.) «Best European Entry» арнайы марапатының, «Тарлан» сыйлығының иегері Еркеш ШӘКЕЕВ дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау облысында Рузаевка ауылында туған. Музыкамен кәсіби деңгейде 1987 жылы республикалық «Жастар дауысы» жас дарындар байқауындағы жеңісінен (1-орын және көрермендер көзайымы жүлдесі) кейін айналыса бастады. Осы жеңістен кейін ол Тасқын Оқапов жетекшілік еткен «Арай» ансамбліне орындаушы-автор ретінде жұмысқа шақырылды. Кейін ол тек жеке әншілікпен ғана айналысып қоймай, қазақстандық және ресейлік жұлдыздарға арнап көптеген әндер жазды.




53 жыл бұрын (1968) ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданының Отрабат станциясында туған. 1995 жылы Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын экономика және әлеуметтік жоспарлау мамандығы бойынша бітірді. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1985 жылы Түркістан құрылыс және жол машиналарын жөндеу зауытында жұмысшы болып бастады. 1986-1988 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын атқарды. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясында маман, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. 1996-2001 жылдары «Азық түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-да бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, департамент директоры. 2006 жылғы қаңтарда «Азық түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның вице-президенті болып тағайындалды. 2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары. 2008-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2011-2014 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі. 2014-2016 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 2016-2019 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің (VI шақырылым) «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде 2019 жылғы ақпаннан бері. «Тыңға 50 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтойлық медальдарымен марапатталды.




48 жыл бұрын (1973) ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кеңесшісі, Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Әділ Қапанұлы ТҰРСЫНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2001 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. 1994-1996 жылдары – ҚР СІМ халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті, атташесі. 1996-1999 жылдары – Қазақстан Республикасының Үндістандағы елшілігінде атташе, үшінші хатшы, Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы елшілігінде екінші хатшы. 1999-2001 жылдары - ҚР СІМ Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы. 2001-2004 жылдары - ҚР СІМ-де түрлі басшылық лауазымдар атқарды. 2004-2008 жылдары – Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы уақытша сенімді өкілі (кеңесші-уәкіл). 2008-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары. 2009-2012 жылдары – ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры. 2012-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Грузиядағы уақытша сенімді өкілі, Қазақстан Республикасының Грузиядағы елшілігінің кеңесші-уәкілі. 2015-2016 жылдары – ҚР СІМ ТМД департаментінің директоры. 2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2019 жылғы наурыздан бері.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай