Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

5 қазан. Туған күн иелері

2019 жылдың 5 қазан 2019 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 5 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




99 жыл бұрын (1920-1988) ақын Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді. Орал облысының Ақжайық ауданында туған. Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1940-1947 жылдары әскер қатарында болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1948-1952 жылдары - «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары. 1952-1954 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1955-1956 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары. 1957-1963 жылдары - «Жұлдыз» журналының бас редакторы. 1963-1971 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1973-1983 жылдары - КСРО Жазушылар басқармасының хатшысы. 1979-1983 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1983-1988 жылдары - шығармашылық жұмыспен айналысты. Алғашқы өлеңі Орал облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінде 1939 жылы басылған. 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан. Содан бергі жылдар ішінде «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр», «Ғашық көзбен», «Заман тынысы», «Байқоңыр баспалдақтары», т.б. барлығы 60-тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ, орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бір томдығы, қос томдығы, үш томдығы жарық көрді. Жұбан Молдағалиевтің ең танымал шығармаларының бірі «Мен – қазақпын» поэмасы 1964 жылы жарық көрген. Өзі дүниеден өткеннен кейін шығармаларының екі томдығы шықты. 1970 жылы «Кісен ашқан» поэмасы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, 1978 жылы «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Қорғаныс министрлігі сыйлығының лауреаты және А.Фадеев атындағы алтын медальдің иегері. Көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, моңғол, словак және басқа да тілдерге аударылған.

Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1985 жылы «Қазақ КСР Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.




95 жыл бұрын (1924-1988) белгілі сатирик, жазушы Шона СМАХАНҰЛЫ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ ұлттық педагогика университетін бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1943-1957 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданында педагогикалық қызметте болған. 1957-1984 жылдары - «Мектеп» баспасының редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Ара» - «Шмель» журналының фельетонисі, «Жазушы» баспасының редакторы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш сатиралық өлеңдер жинағы «Тотияйын» 1959 жылы басылып шыққан. «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Шымшыма», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа», «Ұр, тоқпағым, ұр», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Қоңыраулы шеңгел», «Кездік», «Сандықтан шыққан шайтан», «Жымияды жеңешем», «Жасырайын несіне», «Өткірдің жүзі» сатиралық өлеңдер жинағы, тарихи тақырыпқа жазылған «Үміт жұлдызы» повесі жарық көрген. Бірқатар ән мәтіндерінің авторы. Орыс тілінде бірнеше кітаптары жарық көрген. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы мектепке Ш.Смаханұлының есімі берілген.




64 жыл бұрын (1955) алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Екатерина Сергеевна НИКИТИНСКАЯ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С. М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін (1977) бітірген, экономист, экономикалық ғылымдар докторы. Университетті тамамдағаннан кейін Қазақстан ғылымдар академиясында аға-ғылыми қызметкері болды. 1991-1993 жылдары ҚазКСР мемлекеттік мүлікті басқару бойынша мемлекеттік комитетінің аралас меншік бөлімі бастығының орынбасары. 1993-1994 жылдары – «Атакент» АҚ вице-президенті. 1994-1995 жылдары – «Таңдау» ЖШС бас директоры. 1995-1996 жылдары – Қазақстан Республикасы мемлекеттік мүлікті басқару бойынша мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары. 1997 жылы Қазақстан Республикасы стратегиялық ресурстарын бақылау агенттігінің бақылау-ревизиялық департаментінің директоры болып қызмет атқарды. 1997-1998 жылдары – «Хабар» Агенттігі» РМК қаржы бойынша директоры. 1998-2001 жылдары – «Essex Commercial Corporation» елшілігінде кеңесші. 2001-2004 жылдары – «Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер конфедерациясы» қауымдастығының орындаушы директоры. 2004-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі аппарат басшысының бірінші орынбасары, төраға орынбасары. 2007-2012 жылдары – «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы» ЗТБ басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 2009-2012 жылдары – «Астана қаласы «Атамекен» Одағы» экономикалық палатасы» ЗТБ төрағасының бірінші орынбасары. 2009-2012 жылдары – «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының қаржылық және салықтық кеңесшілер палатасы» ЖШС бас директоры. 2009-2012 жылдары – «Қазақстан индустриялық палатасы» ЗТБ бас директоры. 2012-2016 жылдары - бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракция басшысының орынбасары қызметін атқаруда. 2016 жылғы наурыз айынан бастап алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракция басшысының орынбасары қызметін атқаруда. «Құрмет» орденімен марапатталған.




64 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Баймұхамедұлы ҚАНАҒАТОВ дүниеге келді.

ҚХР-дың Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын және 2006 жылы «Қайнар» университетінің экономика факультетін тәмамдаған. Педагогика ғылымының кандидаты. Еңбек жолын 1977 жылы орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі болып бастады. 1979-1994 жылдар аралығында «Қайрат» спорттық-дене шынықтыру республикалық қоғамының орталық кеңесінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығы, орталық кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.1994-2006 жылдар аралығында жұмысын мемлекеттік қызметте жалғастырды. 1995-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Жастар, туризм және спорт министрлігінің дене шынықтыру басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Білім, мәдениет және денсаулық министрлігінің Туризм және спорт комитетінде бас маманы, бөлім бастығы, ҚР Туризм және спорт агенттігінің басқарма бастығы болып жұмыс істеді. 2001-2006 жылдары аралығында - ҚР Туризм және спорт агенттігі төрағасының орынбасары, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. 2006 жылдан бастап 2010 жылдың ақпан айына дейін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерві» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. 2010 жылғы наурыз айынан бастап 2011 жылдың желтоқсан айына дейін - ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті төрағасының орынбасары. 2011 жылғы желтоқсан айында ҚР Туризм және спорт вице-министрі лауазымына тағайындалды. 2012 жылғы ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары. 2014 жылдың тамыз айынан бастап ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төрағасы. 2014-2018 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төрағасы болды.

Қазіргі қызметінде – 2018 жылдың қаңтарынан.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай