Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«5-10-20» бағдарламасы: Елордада 1 млн теңгелік сертификат кімдерге беріледі

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 21:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ баспасөз хатшысы Арманай Қабдешова «5-10-20» бағдарламасы аясында 1 млн теңгелік сертификат қай санаттағы азаматтарға берілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасынан үмітті бес санат бойынша 47 500 адам кезекте тұр. Ол санаттар: әлеуметтік жағынан осал топтар (оның ішіне толық емес отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүгедек баласы бар отбасылар, жасы бойынша зейнеткерлер кіреді), жетім балалар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттік қызметшілер мен арендалық үйде тұратын азаматтар. Яғни, осы бес санаттың барлығы «5-10-20» бағдарламасына қатыса алады», - деді Арманай Қабдешова Нұр-Сұлтан әкімдігінің Instagram-парақшасында сұрақтарға жауап бере отырып.

Оның айтуынша, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға осы бағдарлама аясында бастапқы жарна ретінде 1 миллион теңгелік сертификат ұсынылады. Яғни бұл – әкімдік тарапынан берілетін қайтарымсыз көмек.

«Бұл сертификатты алу үшін бірінші процедурадан – банктен өту керек. Төлемақы жайлы барлық ақпаратты тапсыру қажет. Осыдан кейін азамат Тұрғын үй қорына келіп, сертификатты алуға өтініш жазады. Тек осы санаттағы азаматтар бағдарлама аясында сертификатқа өтініш бере алады», - деді ол.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы бойынша несие беріле бастағаны хабарланған болатын. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі - «Шаңырақ» пилоттық жобасын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жүзеге асырады. «Шаңырақ» жобасының аясында жеңілдетілген несиені бірінші кезеңде, баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда әкімдік кезегінде тұрған азаматтар ала алады.


Жоғары қарай