Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

44 рет жол ережесін бұзған ШҚО тұрғыны айыппұл төлемей жүрген

2021 жылдың 23 шілде 2021 18:37

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері 44 рет жол ережесін бұзып айыппұлды төлемей жүрген ер адамды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 шілде күні өңір аумағында «Борышкер» жедел алдын алу шарасы басталған. Мұндағы мақсат – борышкерлер мен жол қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау.

«Бір күн ішінде тәртіп сақшылары 6 млн теңгеден астам қаражат өндірді. Әкімшілік айыппұлды төлемегені үшін 30 автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды. Сондай-ақ шара барысында полицейлер 44 рет жол ережесін бұзған азаматты анықтады. Оның 700 мың теңгеден астам өтелмеген айыппұлы бар болып шықты», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 811-бабына сәйкес, азаматтар жеті тәулік ішінде айыппұл сомасының елу пайызын төлеуге құқылы.


Жоғары қарай