Ауа райы
Астана 33 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 414.46
EUR 451.35
RUB 5.77
CNY 58.12

4 сәуір. Туған күн иелері

2020 жылдың 4 сәуір 2020 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 4 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




83 жыл бұрын (1937-2010) жазушы, аудармашы, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы Немат КЕЛІМБЕТОВ дүниеге келген.

Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Жаңажол қаласында туған. 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының (қазіргі Сарыағаш ауданы) Абай ауылындағы қазақ орта мектебін бітірген. Ташкент қаржы-экономика институтын (1959), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (сырттай оқу бөлімін) журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған (1966). 1959-1960 жылдары Қостанай облысының мемлекеттік банкінде - экономист-инспектор, 1960-1962 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Келес және Сарыағаш аудандық газеттерінде - әдеби қызметкер. 1962-1965 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының экономика институтында - кіші ғылыми қызметкер, 1965-1970 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде - әдеби қызметкер, 1970-1973 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесінде референт, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулетшілік салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссиясының жауапты хатшысы болып қызмет істеген. Кейін «Қазақстан» баспасында редактор (1976-1981), Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында профессор (1981-1997), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында профессор (1997-2002). «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991, 2005), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998), «Көркемдік дәстүр жалғастығы» (2000), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2005), т.б. зерттеу еңбектері жарық көрген. Түркі халықтары әдебиетін, Шығыс классик поэзиясын және қазақ әдебиетінің ежелгі жәдігерліктерін қарастырған жүзден астам ғылыми-зерттеу мақалаларында қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы, типологиялық, үндестік көріністері талданған. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі курсы бойынша жоғары оқу орындары студенттеріне арнап жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. (2001).
Көркем әдебиет саласындағы туындылары: «Үміт үзгім келмейді» (1981), «Жарлы емеспін, зарлымын» (2001) деген хикаяттары және «Ұлыма хат» (2005), «Қариялар» (2007) атты эсселері жарық көрген. Сондай-ақ біраз жылдар бойы көркем аударма жасаумен де айналысты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың иегері (2005), Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2001), Украинаның «Почесна відзиака» («Құрмет белгісі») медалімен марапатталған (2008).




62 жыл бұрын (1958) актриса, ҚР еңбек сіңірген әртісі Жанна Жорақызы ҚУАНЫШЕВА дүниеге келді.

Отандық «Тоғысқан тағдырлар» және «Шегіртке» фильмдеріндегі рөлдерімен таныс. 2012 жылы «Қазақфильм» студиясындағы шығармашылық қызметіне 40 жыл толды. 1976 жылы Бішкек қаласындағы Бүкілодақтық кинофестивальде «Таңдаулы әйел рөлі» үшін сыйлыққа ие болды.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.




46 жыл бұрын (1974) боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Василий Валерьевич ЖИРОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы Балқаш қаласында туған. Алғашқы жаттықтырушысы - В.Апачинский. 1989-1991 жылдары жасөспірімдер арасында КСРО, Қазақстан чемпионы атанған. 1993-1995 жылдары Дүниежүзі біріншілігінің күміс (Берлин) және қола (Будапешт), 12-ші Азия ойындарының (Хиросима) қола жүлдегері, Орталық Азия елдерінің бірінші ойындарының және Азия құрлығының жеңімпазы болды. 1996 жылы Атланта (АҚШ) қаласында өткен 26-шы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. 26-шы Олимпиада ойындарында ең үздік боксшыға берілетін Вэлл Баркер кубогын жеңіп алды. 1997 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 36-сында жеңіске жеткен, оның 30-ы нокаутпен аяқталды. Василий Жиров ІВҒ нұсқасы бойынша кәсіпқойлар арасындағы Әлем чемпионы. 2001 жылы Американың танымал басылымы «USA Today» «Балқаш барысы» атанған боксшыны барлық салмақ санаты бойынша ең үздік кәсіпқой боксшы деп атады.
«Парасат» орденімен марапатталған.




44 жыл бұрын (1976) Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар МҰРАТҰЛЫ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан техникалық университетін инженер-экономист және Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары университетін инженер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Шығыс Қазақстан облысы сауда және қызмет көрсету департаментінің инспекторы болып бастаған. Әр жылдары «Қазақавтожол» РМК Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстық филиалдарының директоры болып істеді. 2007-2012 жылдары Астана қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің сарапшысы, Жамбыл облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясы бастығының орынбасары болып істеді. 2012-2015 жылдары Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымын атқарды. 2015-2017 жылдары Зеренді ауданының әкімі болды.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың сәуірінен.




40 жыл бұрын (1980-2000) боксшы, Олимпиада ойындарының чемпионы Бекзат Сейілханұлы САТТАРХАНОВ дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған. 1998 жылы өткен әлем чемпионатының, 1999 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен ХХVII Олимпиада ойындарының чемпионы болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

2000 жылы 31 желтоқсанда жол апатынан көз жұмды.
I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.




25 жыл бұрын (1995) жүзуден Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Дмитрий Игорьевич БАЛАНДИН дүниеге келген.

Алматыда туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетін (денешынықтыру және спорт кафедрасы) денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген (2016).

2008 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына қабылданды. 14 жасында Екатеринбург қаласында (Ресей) жасөспірімдер арасындағы Александр Попов Кубогында алғашқы жүлдесіне ие болып, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. 2011 жылы Джакартада (Индонезия) VII Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Дмитрий Алексеевтің жетекшілігімен жаттықты (2012-2016). Инчхондағы (Корея) Азия ойындарында иеленген үш «алтыны» үшін ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды (2014); 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта - 8-ші орын, 200 метр қашықтықта (2:08,20) 1-орын алды. 2017 жылы Тайбейдегі (Тайвань) Жазғы универсиадада: 100 метр қашықтықта қола және 200 метрлік жарыста күміс медаль еншіледі.

Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай