Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

31 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 31 шілде 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 31 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

Құрбан айт мерекесі

Күллі мұсылманның ұлық мерекесі - Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Құрбан айт - әлемдегі мұсылман қауымның ең қасиетті мерекесі. Құрбан сөзі - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар сойылады. Құрбан айт мерекесінің бірінші күні Қазақстанда демалыс күні болып жарияланған.

Дүниежүзілік рейнджер күні

Жыл сайын аталып өтіледі. Халықаралық рейнджер федерациясы (International Ranger Federation, IRF) бекіткен. Алғаш рет 2007 жылы IRF-тің 15 жылдығына орай аталып өтілді. Рейнджерлер - ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы – қорықтар, ұлттық парктер, жабайы табиғат резерваттары және басқа да нысандардағы жабайы аңдарды браконьерлерден қорғайтын адамдар.

Жүйе әкімшісі күні

Корпоративтік желілердің, дерекқорлардың, пошта жүйелерінің, бағдарламалық кешендердің әкімшілері жыл сайын шілде айының соңғы жұмасында өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Оның негізін қалаған – Чикагодан шыққан әкімші Тэд Кекатос. Әкімшілер күні алғаш рет 1999 жылғы 28 шілдеде аталып өткен.



ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы белгілі ғалым-астроном Николай Степанович Черных сансыз жұлдыздардың арасынан белгісіз №2402 ғаламшарды ашып, оны ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімімен атады. Шағын ғаламшар Жерге әрбір 5 жылда жақын келеді.

1959 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ақтау елді мекені жұмысшы кенті санатына енді. Оған Ақтау кенті деген атау берілді.

2005 жылы «Қазпошта» АҚ «Сәулет» сериясынан Бейбітшілік және келісім сарайы бейнеленген жаңа пошта маркасын айналымға енгізді. Марканың тиражы – 50 000 дана. Бейбітшілік және келісім сарайы Қазақстан халқының конфессияаралық келісімін нығайтады. Оның құрылысы туралы шешiм 2003 жылы Әлемдік дәстүрлі діндер съезінде қабылданған болатын. Ғимарат Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан.

2017 жылы Астанада өткен ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясындағы «Бес құрлық» балалар фильмдері фестивалінде «Үздік сценарий» аталымында «САҚ» студиясының толық метражды «Қазақ елі» анимациялық фильмі жеңіске жетті.

2017 жылы ағымдағы коэффициенттер бойынша «Астана» Қазақстан клубтарының арасында алғаш рет Еуропаның үздік 100 клубының қатарына кірді. «Астана» ФК 2018 жылғы шілдедегі жағдай бойынша УЕФА рейтингінде 67-орынға жайғасты.

2018 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Алтын Емел» деректі фильмі Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен кино мен туризм саласындағы Азия өнер апталығында «Үздік шетелдік деректі фильм» санатында сыйлыққа ие болды. Олег Белялов түсірген деректі фильмде «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әсем табиғаты туралы айтылған.

2019 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Прогресс МС-12» көліктік жүк кемесі Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) ұшу жылдамдығы бойынша рекорд орнатты. «Прогресс МС-12» жүк кемесі әуеге ұшқан уақыттан бастап ХҒС-ға түйіскенге дейін 3 сағат 19 минут жұмсаған. Ол ХҒС ұшу тарихындағы ең «жылдам» ғарыш кемесі атанды.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай