Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

3 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 3 наурыз 2019 07:00

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 3 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.




null
АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік тұмса табиғат күні

Бұл дүниежүзілік күнді атап өту туралы арнайы қарар 2013 жылғы 20 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-сессиясында қабылданды.

Дүниежүзілік жазушылар күні

Халықаралық Пен-клубтың 48-ші конгресінің шешімі негізінде атап өтіледі.

Клуб 1921 жылы құрылған. Ұйымның атауы ағылшынның poets - ақындар, essayists - очеркшілер, novelists - романшылар сөздерінің бастапқы әріптерінен құрылған. Сонымен қатар, pen сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қалам» деген мағынаны білдіреді. Идеяның авторы - ағылшын жазушысы Кэтрин Эми Доусон-Скотт. Бүгінгі таңда олар әлемнің 130 елінде, оның ішінде Қазақстанда да бар.

Халықаралық балалар телевидениесі мен радиохабар тарату күні

1991 жылы ЮНИСЕФ енгізген. Алғашқыда желтоқсанда атап өтіліп, 2009 жылдан бері наурыздың бірінші жексенбісінде тойланады. Мерекенің басты мақсаты - бүкіл әлем бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын балалар тақырыбына көңіл бөлуге ынталандыру.

Халықаралық есту қабілетін қорғау күні

2007 жылы Қытайда өткен есту қабілеті нашарлауының алдын алу, сауықтыру бойынша бірінші халықаралық конференцияда белгіленді. Оның мақсаты - халықты есту қабілетінің проблемалары туралы хабардар ету, құлақ ауруының өршуінің алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыру.

3.3 сандары адамның 2 құлағының пішініне ұқсас. Сондықтан да 3 наурыз - құлақ саулығын қорғау күні болып белгіленді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы «Молодая гвардия» журналында Сәкен Жүнісовтің (1934-2006) «Тропа» атты повесі басылып шығарылды. Бұл жазушы В.Солоухин тәржімалауымен жазылған «Заманай мен Аманай» дастанының аудармасы.

1993 жылы Орталық Азияның бес мемлекеті (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан) Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын құрды.

2010 жылы қазақстандық жазушы Герольд Бельгерге Германия мен Қазақстан халықтарының арасындағы өзара түсіністікті дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Германия Федеративтік Республикасына сіңірген еңбегі үшін» ордені табыс етілді.

Бұл орден Герольд Бельгердің халықтар достығына қосып отырған еңбегіне Германия тарапынан берілген жоғары баға болды.

Герольд Бельгер 1934 жылы туған. Неміс, орыс, қазақ тілдерінде қатар жазған жазушы. «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар» (1976), «Алты асу», «Тас өткел» (орыс, қазақ, неміс тілдерінде), «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Үндестік», «Уақытпен бетпе-бет» (неміс тілінде), «Үш әуен сарыны», «Гете және Абай», «Родство», «Земные избранники» атты зерттеу еңбектері, және басқа да шығармалары жарық көрген. Жазушы Г.Бельгер 81 жасында 2015 жылы 7 ақпан күні Алматы қаласында жүрек ауруынан қайтыс болды.

2010 жылы Астанадағы «Астана-Тауэр» ғимаратында Финляндияның Қазақстандағы елшілігі ашылды. Микко Киннунен Финляндияның Қазақстан Республикасындағы бірінші Елшісі болып тағайындалды.

Финляндия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылғы желтоқсанның 30-ында мойындады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 13-інде орнатылды.

2011 жылы Лондонда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа Виктория патшайымы атындағы награда табысталды.

2014 жылы Сочидегі XXII қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен «Жыл спортшысы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Оған диплом мен мүсінше сыйға тартылды.

2017 жылы велоспорттан Қазақстан құрамасы Бахрейнде өткен Азия чемпионатында ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Біздің спортшылар жарыста 5 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

2017 жылы Қытайдағы «I am a singer» жобасында зор жетістікке жеткен Димаш Құдайберген ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының лауреаты атанды.

2018 жылы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының 26 жылдығына орай, БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қою рәсімі өтті.

2018 жылы елдің жоғары білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін академик Төрегелді Шарманов Ахмет Байтұрсынов орденімен марапатталды.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай