Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

3 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 3 маусым 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 3 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік велосипед күні

2018 жылы 12 мамырда БҰҰ Бас ассамблеясы бұл күнді БҰҰ-ның әлемдік және халықаралық күндерінің тізіміне қосты. БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік велосипед күнін экологияның бұзылуының алдын алып, адамдарды дене шынықтыруға баулу үшін, денсаулыққа пайдалы велосипед тебуді насихаттау үшін енгізген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1988 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен Халыққа білім беру министрлігі құрылды. Аталмыш министрлік Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы мамырдың 8-індегі Жарлығымен және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы негізінде Білім министрлігі болып қайта құрылды.

1995 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абайдың (1845-1904) 150 жылдығына арналған мәдени күндер басталды.

1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі Кіші Ақсарайға қазақ халқының хандары мен билерінің сүйектері қайта жерленді.

2002 жылы Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы басқосуы өтті. Оған 16 қатысушы елдің, сондай-ақ БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, Араб мемлекеттері лигасының және 8 бақылаушы елдің өкілетті делегациялары қатысты. Кездесу барысында тарихи құжаттар - АӨСШК Алматы актісі мен Терроризмді аластау мен өркениеттер арасындағы үн қатысуға жәрдемдесу туралы Декларация қабылданды.

2013 жылы Атырау қаласының делегациясы Әзербайжанға барған сапары барысында Атырау (Қазақстан) мен Ширван (Әзербайжан) арасында ынтымақтастық-бауырластық қатынас орнату туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.

2013 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының экспедициясы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында жүргізген қазба жұмыстары кезінде қорғаннан сақ ханымының мүрдесін тапты.

2014 жылы Венгрияда қазақтың ұлы ақыны Абай мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Мүсін Мажар елінің астанасы Будапешттің Астана көшесіне орнатылды.

2016 жылы Ыстанбұлда түркі әлемін дамытуға қосқан үлесі үшін «Қызыл алма» сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Астанада «Астана Арқау» жыл сайынғы түркі дәстүрлі музыка фестивалін ұйымдастырғаны үшін EL production company марапатталды. Марапат компанияның бас директоры Айгүл Бейсенбаеваға тапсырылды. «Астана Арқау» түркі әлемінің дәстүрлі музыкасын дәріптейтін іс-шараларды жүзеге асыру арқылы дүниеге кеңінен танылды. Соңғы 9 жылда бұл фестивальге әлемдегі барлық дерлік түркі халықтарының дәстүрлі музыкасын орындайтын, оны зерттеумен айналысатын музыканттар мен ғалымдар қатысты.

2017 жылы Қостанайда Қазақстанда ең алғашқы «балалар музейі» өз жұмысын бастады. Қостанай ойыншықтар музейі - еліміздегі жалғыз балаларға арналған музей.

2018 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Қазақстан мен Корея Республикасының біріккен «Ұлы Жібек жолы бойындағы Достық және Әріптестік» естелік-белгісі ескерткіші ашылды. Бұл естелік-белгі Корея Республикасының бастамасымен 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Ерекше белгіні орналастыру мәртебесі ежелгі Жібек жолының бойында жатқан «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің еншісіне бұйырды.

2019 жылы «Отандастар» қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы Қоғамдық комиссияның бірінші отырысы өтті. Оның негізгі мақсаты – отандастарға және мемлекеттік диаспоралық саясатты іске асыруда жан-жақты қолдау көрсету. Қоғамдық Комиссия, өз жұмысын бүкіл әлем қазақтарының тарихи және этникалық Отаны төңірегінде біріктіру идеологиясын негізге ала отырып, қазақ диаспорасына қатысты мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бағыттатыны айтылды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай