Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

28 мамыр. Туған күн иелері

2020 жылдың 28 мамыр 2020 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 28 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




152 жыл бұрын (1868-1946) - ақын, әнші, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы дүниеге келген (кейбір деректер бойынша 1874 жылы туған).

Павлодар облысы Екібастұз ауданының Ақкөл ауылында туған. Анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым да әнші болған. Естай Беркімбайұлы олардан көптеген жыр, дастан, толғаулар үйренген. Әнге деген құмарлығы 7-8 жасында-ақ байқалған. 16 жасында Біржан салды тыңдап, ұмытылмастай әсер алады. Сондай-ақ Естай Беркімбайұлы Жарылғапберді, Ақан сері, Балуан Шолақ, Сәтмағанбет, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындармен бірге үлкен жиындарда (Омбы, Қараөткел, Көкшетау, Қызылжар, Семей, Кереку, Зайсан, Тарбағатай, Жетісу атырабы, Алматы) ән салып, халыққа танымал болады. Естай Беркімбайұлы ақындық, орындаушылық өнерімен қатар шебер композитор ретінде белгілі болған. Оның әндері сал-серілер дәстүрін ілгері дамытты.

Композитордың алғашқы туындысы - «Шолпан қаққан» әні. Оның «Жайқоңыр», «Назқоңыр», «Майда қоңыр», «Қорлан», «Сандуғаш», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Ашу - пышақ», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнарайым», «Қоштасу», «Қаламқас», «Ғашық», «Қаракөз» әндері - қазақ музыкасының алтын қорына кірген. Ал классикалық «Хорлан», «Құсни-Қорлан» әндері Естай Беркімбайұлының есімін аңызға айналдырды. Бұл әндерді композиторлар М.Төлебаев «Біржан - Сара», Е.Брусилоский «Ер Тарғын» операларында, С.И.Шабельский мен Л.М.Шаргородский қобыз бен оркестрге арналған концерттерінде пайдаланған.

Естай Беркімбайұлы советтік дәуірде «Туды күнім», «Құрбылар», «Өмір», «Қоңыр жел» әндерін шығарды. Атақты музыка зерттеушісі А.Затаевич Естай Беркімбайұлы әндерін тұңғыш рет нотаға түсірген.

Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Алматыға келіп, музыка зерттеуші әрі композитор Б.Ерзаковичке өз әндерін нотаға түсіртеді. Сол сапарында ол халық ақыны Жамбылмен кездескен. Ақын Қ.Аманжолов әншінің өз аузынан «Хорлан» әнін естіп, «Хорлағайын» атты драмалақ поэма жазған. Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 2-съезіне қатысқан. 1945 жылы ұлы ақын Абайдың 100 жыл толу тойына қатысып, Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали және Нартай ақындармен өнер сайысына түскен.

А.Жұбанов пен Б.Ерзакович Естай Беркімбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. Ақын М.Әлімбаев «Естай - Хорлан» поэмасын ақынның өміріне арнаған.





69 жыл
бұрын биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Микробиология және вирусология институты» РМК бас директоры; ҚР Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Амангелді Құрбанұлы САДАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Талап ауылында туған. Қызылорда педагогикалық институтын (қазіргі Қызылорда мемлекеттік университеті) бітірген. 1982 – 94 жылдары ҚР ҰҒА Микробиология және вирусология институтында ғылыми қызметкер, микробиология лабораториясының меңгерушісі. 1994 – 2002 жылдары ҚазҰАУ-де экология кафедрасының меңгерушісі, 2002 – 2004 жылдары ҚР ұлттық биотехнологиялық орталық директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Биологиялық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының бас директоры болды.

Ғылыми еңбектері күріш өсіру алқаптарында топырақтың құнарлылығын арттыру; қарашіріктің биологиялық түзілуі мен ыдырау механизмдерін зерттеуге арналған. Зерттеу нәтижелері Жаңақорған ауданы «Түгіскен» және «Задария» кеңшарларының егістіктерінде жүргізіліп, мол өнім алған. 200-ден аса ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 7 монография, 3 оқулық, т.б. бар.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай