Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

28 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 28 ақпан 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 28 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыс күні

1989 жылдың ақпанындағы екі жарылыстан кейін (12 және 17 ақпан) Қазақстан Жазушылар одағына мыңға жуық жастар жиналды. Митингте алғашқы антиядролық қозғалыс құрылды. Оған тарихтағы ең үлкен ядролық қару сынағы өткен екі қаланың атауы берілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы ҚР Байланыс министрлігіне қарасты «Қазтелеком» кәсіпорыны Алматыда халықаралық спутниктік байланыс жүйесін орнататын Аустралияның «ОТС» фирмасымен келісімшартқа отырды. Қазақстан Аустралия арқылы бүкіл әлеммен байланысу мүмкіндігіне ие болды.

2002 жылы Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Орталық Азия ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге қол қойды.

2006 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында Орталық Азиядағы 5 мемлекетте Кеңес одағы кезінде түсірілген фильмдермен қатар, соңғы 10-15 жылда көрермендер назарына ұсынылған туындылар қоса жазылған DVD жинағының таныстырылымы болды. Мұнда Орталық Азия елдерінде түсіріліп, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған 20-ға жуық көркем фильм 10 DVD дискіге бөлініп жазылған. Ал Қазақстан жағынан Шәкен Аймановтың «Атамекені» мен Серік Апырымовтың «Ақсу» көркем фильмі енгізілсе, Қырғызстан мен Өзбекстанда түсірілген фильмдер ішінен «Күрделі асу», «Бескемпір», «Сен - жетім емессің», «Шешен», «Келін», «Хасан арбакеш» секілді туындылар басылыпты.

2007 жылы Иерусалимде (Израиль мемлекеті) Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі жөнінде екіжақты келіссөздер өтті.

2011 жылы Астанада Литваның сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис ресми түрде Алматыдан көшірілген литвалық елшілікті ашты.

2012 жылы Женевада БҰҰ Ұлттар сарайында «Қазақстан» көп салалы залының таныстырылымы өтті. «Қазақстан» залы синхронды аударма үшін, фильмдерді көрсету және концерттік бағдарламаларды қою үшін жаңа техникамен жабдықталған.

2013 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев Кишинев қаласында Қазақстан Республикасының бас консулдығын ашу туралы Жарлыққа қол қойды.

2017 жылы Дубайда өткен Әлем кубогында пауэрлифтинг бойынша Қазақстан паралимпиадашылары 2 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізді. Жасөспірімдер арасында 49 келі салмақ дәрежесінде Захар Буйлов, 59 келіде Ақжол Жарылғапов алтын медаль алды. Ересектер арасында 50 келі салмақта сынға түскен Кәбира Асқарова күміс жүлдеге ие болды.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы білім саласында инвестициялық жобаға қол қойылған қазақстандық алғашқы қала болды. Бизнесмендер жобаны 100% қаржыландыруға қамтамасыз етеді, ал қалалық билік құрылыс салу үшін жер учаскесін заттай грант түрінде ұсынады.

1 мың орындық мектеп пен 250 орынға арналған балабақшасы бар SABIS халықаралық мектебінің құрылысы туралы келісімге қол қойылды.

2020 жылы Нью-Йоркте «Barclays Arena» жұлдыздар галереясында аталмыш аренада концерт берген Beyonce, Elton John, Justin Timberlake, Rihanna секілді көптеген әлемдік таланттармен бірге әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің де суреті пайда болды.


Басты сөздер: Күнтізбе, Қоғам,
Жоғары қарай