Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

26 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 26 қыркүйек 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 26 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

Қазақстан Республикасында Еңбек күні

Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтіліп, 2013 жылғы қарашада Республика Президентінің Жарлығымен жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында белгіленді.

Сонымен бір мезгілде «Еңбек ардагері» медалі тағайындалып, ол өзінің еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген өндіріс озаттарына, 40 жылдан астам өтілі бар, бір салада кемінде 10 жыл жұмыс істеген қызметкерлерге табыс етіледі.

Қазақстан Республикасында машина жасау күні

Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Мереке өз тарихын кеңес заманынан бері жүргізіп келеді. Оны тек Қазақстанда ғана емес, Ресей, Беларусь, Қырғызстан машина жасаушылар да атап өтеді. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 1 қазандағы № 3018 «Мерекелік және естелік күндер туралы» Жарлығымен құрылды.

Машина жасау күні 2017 жылғы 31 қазанда ҚР премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бекіткен 46 мерекелік күндердің қатарына енді деп ҚР Үкіметінің № 689 «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қаулысына қол қойды.

Дүниежүзілік өзендер күні

Бұл мереке қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Мереке өзендердің жағдайын жақсарту үшін 2005 жылы – БҰҰ «Су – өмір үшін» іс-әрекетінің халықаралық онжылдығының басталғанын жариялаған жылы белгіленді. Бұл науқан қоғамның назарын планетаның барлық су ресурстарына деген қамқорлықты жақсарту мақсатында басталды.

Дүниежүзілік қоршаған ортаның саулығы күні

2011 жылы Индонезияда алғаш рет қоршаған орта саулығы күні мерекеленді. Осыған байланысты Индонезияның белсенді студенттері мереке гимнін шығарды да, оны ашылу рәсімінде орындады. 2012 жылы бұл шара Африка мен Еуропаның бірқатар елдерінде атап өтілді. 2013 жылы мерекеге канадалық, британиялық, австриалиялық, америкалық, азиялық белсенділер қосылды.

Дүниежүзілік контрацепция күні

2007 жылы 26 қыркүйекте репродуктивті денсаулық мәселелерімен айналысатын бірқатар ұйымдардың бастамасы бойынша Дүниежүзілік контрацепция күні алғаш рет атап өтілді. Оның мақсаты – жоспарланбаған жүктіліктің жоғары деңгейін төмендету.

Халықаралық саңыраулар күні

Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып, 1951 жылы Дүниежүзілік саңыраулар федерациясының құрылуына орай құрылды. Күннің мақсаты – халықаралық қоғамдастықтың саңырау адамдардың күнделікті кездесетін проблемалары туралы хабардарлығын арттыру.

Халықаралық ядролық қаруды толығымен жою үшін күрес күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарымен 2013 жылдың желтоқсанында бекітілді.

Еуропа тілдері күні

2002 жылдан бастап атап өтіледі. 2001 жылдың 6 желтоқсанында Еуропада тілдер жылы аясында бұл мерекені Еуропа кеңесі жариялап, Еуропалық кеңес қолдауына ие болды. Еуропа тілдері күнінің міндеті – оны сақтап қалу мақсатында тілдерді оқу, меңгеру мәселесіне қоғамның назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді.

2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен ғылым өркендеген көне Тараздың 2000 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды. Орталық алаңда Бәйдібек Қарашаұлының үлкен ескерткіші ашылып, Мұражай мен Тараз университеті жанынан сәулет өнерінің соңғы жетістіктері үлгісімен салынған Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы Жастар сарайы пайдалануға берілді. Бұрынғы Химиктер сарайы жаңғыртылып, Баласағұн атындағы сарай болып қайта ашылды. Осы күні қойылған театрландырылған көрініске қаланың 6 мыңнан астам өнерпазы қатысты.

2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне ұлттық мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінгі таңда университеттің 10 факультетінде 63 мамандық бойынша кадрлар даярланып, 14 мыңнан астам студент, 650 аспирант, докторанттар және ғылыми ізденушілер дәріс алады. 63 кафедрада 1 100 оқытушы бар, оның 226-сы – ғылым докторы, профессоры, 550-і – ғылым кандидаттары мен доценттер.

2005 жылы «Роc Астро» аспан денелерінің тізіліміне Бикеш шоқжұлдызында үлкендігі бойынша тоғызыншы жұлдызға «АНПЗ» – Атырау мұнай өңдеу зауыты есімі берілді.

2011 жылы танымал қырғыз ғалымы Максут Сартбаев Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығына отбасылық ғылыми еңбектерін берді. М. Сартбаев – геология мен металлогения саласындағы танымал ғалым ғана емес, көрші мемлекеттегі қазақ диаспорасы туралы еңбектердің алғашқы авторы.

2012 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Аңшы бала» кинокартинасы ХХІ ашық халықаралық фестиваль аясында «КиноМалыШок» байқауында «ең үздік» фильм атанды.

2014 жылы «Қайрат» клубының жастар академиясына аты аңызға айналған қазақ футболшысы, КСРО спорт шебері, Қазақ ССР және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Темір Сегізбаевтың есімі берілді.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясына қатысу үшін Нью-Йорк қаласына барды. Шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев көптеген мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ АҚШ-тың бірнеше ірі компанияларының басшыларымен кездесті.

2015 жылы Миланда өткен «ЭКСПО-2015» көрмесінің Қазақстан павильонына келгендердің саны 8 миллионнан асты. Соның 9 мыңы ерекше маңызды тұлғалар болды. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Монако князы ІІ Альбер, Қытай Халық Республикасы премьер-министрінің орынбасары Ван Янг, Қазақстанның «Astana PRO Team» кәсіпқой велокомандасы, сондай-ақ ЭКСПО-2015 көрмесіне қатысқан елдердің министрлері келгенін ерекше атап көрсеткен жөн.

Отандық павильонға «Тақырып пен контентті үздік ашу» аталымы бойынша награда табысталды. «ЭКСПО-2015» көрмесінің тақырыбы «Ғаламшарды азықтандыру. Өмір үшін энергия» болды.

Қазылар алқасының пікірінше, қазақстандық павильонның мазмұнды бөлігі көрме тақырыбын ашып, сондай-ақ келушілерді елдің агромәдениеті, географиясы, дәстүрлері, азық-түлікпен қамтамасыз ету ерекшеліктері және ұлттық асханасымен жеткілікті таныстыра алды.

Біздің еліміздің павильоны көрме бойы келушілер саны ең көп болып, көрме комитетінің ұйымдастырған дауыс беру қорытындылары бойынша көш бастап тұрды. Күн сайын мұнда шамамен 5 мың адам келді, павильонға келуге ниет білдірген қонақтардың кезегі ол жабылғанша азаймады.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай