Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

26 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 26 қазан 2019 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат өз оқырмандарына 2019 жылғы 26 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1964 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Республика Министрлер Кеңесі Целиноград (қазіргі Астана) медициналық институтын құру туралы шешім қабылдады. 1997 жылы ол академияға айналды. 2009 жылдың 6 қаңтарында Қазақ медицина академиясы «Астана медициналық университеті» АҚ болып қайта құрылып, «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ құрамына кірді.

2010 жылы Мемлекет басшысының Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және ұсынысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы Іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылдады.

2010 жылы Қазақстанда номиналы 500 теңге «ЕАЭО-ға 10 жыл» монетасы айналымға шығарылды. Монета 925 сынамалы күмістен соғылған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, сапасы - «рroof», таралымы – 5 мың дана.

2011 жылы Куала-Лумпурда қазіргі Қазақстан суретшілерінің көрмесі өтті. Оны Қазақстан Республикасының Малайзиядағы елшілігі ұйымдастырды. Алматының «Өнер» арт-салоны ұсынған 100 шақты суретте қазақ халқының тарихы, дәстүрлері, ұлттық құндылықтары, дала рухы көрініс тапқан.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігі Италияның мұрағатынан Дешті Қыпшақ кезеңінде жазылған «Кодекс куманикус», яғни, қыпшақ тілі сөздігінің электронды нұсқасын елімізге əкелді.

2017 жылы режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» көркем фильмі Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» («Бүгінгі дін») кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, аталған туынды SIGNIS тәуелсіз қазылар алқасының арнайы жүлдесіне қол жеткізді (Коммуникация жөніндегі әлем католиктері қауымдастығының жүлдесі).

2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында «Тарбағатай» Ұлттық паркі ашылды. Ондағы мақсат - биологиялық және ландшафттық әралуандылықты сақтап қалу, арнайы экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғат қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резервтік қордың бірегей табиғи кешендерін және объектілерін пайдалану. Ұлттық парктің ауданы 143550,5 га, қорғау аймағы - 204 602 гектар. Парктің ерекшелігі, онда өсімдіктердің өзге аумақта кездеспейтін «Қызыл кітапқа» енген 35-тен астам түрі бар. Онда, бүгінгі күнге дейін, флораның 1640 түрі анықталған. Ұлттық парктің омыртқалы жануарлар фаунасы да бай. Алдын ала алынған деректер бойынша, олар 376 түрді қамтиды.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай