Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

25 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 25 қараша 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 25 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған халықаралық күрес күні

БҰҰ Бас Ассамблеясы 25 қарашаны 1999 жылғы желтоқсанның 17-індегі 54/134 қарарымен «әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күрес күні» деп жариялады және мемлекеттерге, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдарға бұл күні қоғам назарын осы мәселеге аударуға арналған шаралар өткізуді ұсынды.

Түркі жазба тілін жаңғырту күні

1893 жылы 25 қарашада даниялық лингвист, полиглот Вильгельм Томсен алғаш рет көне түркі жазуының кілтін тауып, ғылым әлемінде айрықша жаңалық ашты. Осы кезден бастап, түркология тарихының жаңа тарауы басталды.

Бұл, өз кезегінде түркітанушылардың түркі жазба ескерткіштерін толық аударып шығуына жол ашты. Уақыт өте келе, оған ХХ ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – түрік, қазақ, әзербайжан, өзбек және басқа да зерттеушілері қосылды.

Қазір Еуразия көлемінде түрік бітікпен бәдізделіп өрнектелген 700-ден астам ірілі-кішілі бітіктас, ескерткіштер, жартастағы және түрлі зат-бұйымдардағы мәтіндер тіркеліп отыр.

Қазіргі таңда Халықаралық Түркі академиясында көне түркі жазуын зерттеп, аударумен айналысатын «Түркология, алтаистика және моңғолтану» бөлімі қызмет істейді.

Сонымен қатар, Академия тарапынан түркологияға елеулі үлес қосқан зерттеушілерге арналған, «Вильгельм Томсен» атындағы медаль шығарылған. Бұл мәртебелі медальмен қазіргі таңда түркология саласында тың жаңалық ашып, іргелі үлес қосқан 23 адам марапатталған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1893 жылы Вильгельм Томсен алғаш рет Орхон бойынан табылған руникалық жазбаның сырын ашып, «Түрк» және «Тәңірі» сөздерін оқыған болатын. Сол жылы 25 қарашада Дания корольдік ғылым академиясының отырысында мәлімдеме жасады. Бұл әлемдік лингвистикадағы тарихи оқиға болды.

Ғылыми айналымда бұл жазуларды «руна (руникалық) жазулары» деп атап кеткен еді. Оның себебі жазудың құпиясы ашылмай тұрғанда, бұл жазулар бір қарағанда ежелгі скандинавия халықтарының «руна» жазбаларына ұқсайтын.

Алайда ғылыми зерттеулер оның түркілердің төл жазуы екенін анықтады.

1916 жылы ерлі-зайыпты Көлбай, Мариям Төгісовтердің басшылығымен Семей қаласында демократиялық-ағартушылық бағыттағы алғашқы қазақ басылымдарының бірі «Алаш» газеті жарық көрді.

Газетке қазақ зиялылары Н.Құлжанова, Ғ.Жанайдарова, Ж.Ақбаев, М.Әуезов, С.Торайғыров, т.б. белсене ат салысқан. 50 шақты саны шыққаннан кейін «Алаш» газеті 1917 жылы мамырда қаржы тапшылығына байланысты жабылып қалған.

1926 жылы БКП (б) ОК Саяси кеңесінің «Түркістан-Сібір темір жолы құрылысы туралы» қаулысы қабылданды.

2006 жылы Алматыда Қазақстан ғалымдар одағының тұңғыш құрылтайы өтті. Оған парламенттік делегация және өзге де қоғам қайраткерлерінен құралған 350 делегат ғалымдар қатысты.

Ғылыми-технологиялық дамуда экология, табиғи қазба байлықтарды тиімді пайдалану, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылық саласындағы зерттеулерге басымдылық беру жайы талқыланды. Жиын соңында елдегі ғылымды дамыту турасында қарар қабылданды.

2009 жылы Ұлттық ақпараттық және ғарыштық технологияларды ұжымдық қолданудың ғылыми зертханасы құрылды. Зертхана қызметінің негізгі мақсаты - ғылыми және ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын субъектілермен ақпараттық және ғарыштық технологиялар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізуін қамтамасыз ету.

2010 жылы BAQ.KZ ақпарат агенттігі құрылды. Сайт 10 жыл бойы білім, ғылым, денсаулық, саясат, әлеумет, құқық және басқа да маңызды салаларға қатысты республика және әлем жаңалықтарын тек қазақ тілінде ақпарат таратып келеді. Бүгінге дейін аталған ақпарат агенттігінде Қамбар Ахметов, Серғали Балажан, Ботагөз Мақыш, Ержан Әбдіраман, Ерлан Оспан бас редактор қызметін атқарды. Олардың әрбірі сайтты заман ағымына сай өзгертіп отырды.

2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде «Абайдың қолжазбасы» атты бірегей көрме ашылды.

Көрмеге Абайға қатысты байланысты сирек кездесетін экспонаттар мен деректер, түрлі мекемелерден анықталған хаттарының көшірмелері, Абай балаларының портреттері, оның шығармаларының әр түрлі кезеңдердегі басылымдары, әйелі Ділданың домбырасы, Абайдың орындығы қойылған.

Атап өтерлігі, көрмеге тұңғыш рет ұлы Абайдың қазақ тілінде араб жазуымен жазылған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деп аталатын қолжазба қойылды. Қолжазба 1899 жылы қазақ тілінде араб жазуымен, қара қарындашпен 4 параққа, яғни 8 бетке жазылған.

2013 жылы Алматыда Қазақстанның көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері Фазыл Кәрібжановқа мемориалдық тақта орнатылды. Фазыл Кәрібжанов Қазақстанның дамуы жолында көп еңбек сіңірді. Ол - мамандардың біліктілігін арттыруға баса көңіл бөлген азамат. Мемориалдық тақта Ф. Кәрібжанов тұрған үйдің қабырғасына орнатылды.

2014 жылы Алматыда XVIII-XIX ғасырлардағы сәндік-қолданбалы өнердің жинағы ұсынылды. Топтамада Абылай ханның жұбайларының зергерлік бұйымдары, XX ғасырдың басындағы қолдан тоқылған кілемдер, тұрмыстық заттар жинақталған.

2015 жылы Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдері арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қосылды. Бұл ИЫҰ елдерімен тығыз әріптестік қатынастардың дамуына серпін береді, ислам қаржы және экономикалық институттарымен ынтымақтастықты жандандырады, сондай-ақ Қазақстанға инвестиция тартуға жәрдемдеседі.

2016 жылы «Рио2016» XV жазғы паралимпиадалық ойындардың чемпионы Зульфия Ғабдуллина мен Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев жыл сайынғы «Алтын Адам» сыйлығының лауреаттары атанды.

2016 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Қазақстанның салт-дәстүрі, ұлттық ойындары» шақалар топтамасынан «proof» сапалы күмістен номиналы 500 теңгелік және «нейзильбер» қорытпасынан номиналы 100 теңгелік «Қырқынан шығару» естелік монеталарын шығарады.

Қырқынан шығару - сәби дүниеге келген соң 40 күннен кейін жасалатын ғұрып. Онда баланы 40 қасық тұзды суға шомылдырады.

2016 жылы Павлодарда Литва Республикасының құрметті консулдығы ашылды. Павлодар облысындағы Литва Республикасының құрметті консулы болып өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхангүл Сатабаева сайланды.

2017 жылы Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында шахматтан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Турнир (World Junior and Girls Under 20 Chess Championship 2017) Италияның Тарвизио қаласында өтті.

2019 жылы Испанияның Барселона қаласында өткен Asian Film Festival кинофестивалінде «Қыз бен теңіз» киносы (режиссерлері Әзизжан Зайыров пен Мұхамед Мамырбеков) «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ осы фестивальге қатысқан «Аруақ» картинасы (режиссері Хуат Ахметов) да «Ерекше» бағдарламасында «Үздік сценарий» жүлдесіне қол жеткізді. Испаниялық фестивальде Азиядағы 25 елдің 100-ге жуық фильмдері көрсетілді.

2019 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылорда қалаларында алғаш рет Түркі жазба тілін жаңғырту күні тойланды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай