Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

24 қараша. Туған күн иелері

2021 жылдың 24 қараша 2021 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 24 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




126 жыл бұрын (1895-1983) қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, жазушы, аудармашы Сапарғали Ысқақұлы БЕГАЛИН дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. 1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. 1929-1935 жылдары Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болды. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түрксіб басқармасында жауапты жұмыстар атқарды. 1935-1960 жылдары «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған. Алғашқы өлеңі «Қазақ бозбалаларына» деген атпен 1914 жылы «Айқап журналының» №9 санында басылды. Алғашқы кітабы «Қыран кегі» 1944 жылы жарыққа шықты. 1948 жылы басылған «Көксегеннің көргендері» повесі артынан орыс тіліне аударылған. 50-60 жылдары «Жас бұтақ», «Ермектің алмасы», «Бақыт», «Жеткіншектер», «Ананың күші», «Мектеп түлектері» әңгімелер жинақтары, өлеңдер мен поэмалар жинағы «Сырлы қайнар», «Цимлян теңізі», «Көтерілген тың» шыққан.

Жазушы Шоқан Уәлихановтың бейнесін жасауда көп жұмыс істеген, нәтижесі – «Шоқанның балалық шағы», «Шоқан асулары» повестері, «Замана белестері» романы жарық көрді. Халық ақындарының шығармаларын сұрыптап жинақ етіп шығарды, өнер саңлақтары жөнінде, жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы монография жазды. Көптеген туындылары шетел тілдеріне аударылған. С. Бегалин А. Пушкиннің, М. Лермонтовтың, Д. Мамин-Сибиряктың, Н. Лесковтың және тағы басқа жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Халықтар Достығы, 2 рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.




60 жыл бұрын (1961) Қазақ эстрада театрының бас директоры, «Бауыржан-шоу» театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанда «Сатира және әзіл» бірінші эстрадалық театрының негізін қалаушы Бауыржан Сабзалыұлы ИБРАГИМОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтын (инженер-құрылысшы), Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын (драма және кино актері) тәмамдаған.

Еңбек жолы: «Тамаша» телетеатрының актері әрі коммерциялық директоры (1988-1992), Алматы қаласындағы Теміржолшылар сарайының бас директоры (1992-1998), Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрының бас директоры (1998-2002), «Ақбура» өндірістік кооперативінің директоры (2002-2007), «Фуд-Стар» ӘКБ басқарма төрағасы (2007-2012); Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры (2012-2016), «BNB-Group» құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы (2016 жылдан бастап).

Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, халықаралық эстрада әртістері байқауының лауреаты.




54 жыл бұрын (1967) Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Павлович КРУК дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. 1992 жылы Павлодар индустриалдық институтын өнеркәсіптік жылу энергетикасы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: Еңбек жолын Павлодар үшінші Жылу электр орталығында (ЖЭО) монтер болып бастады. Ұзақ жылдар бойы Павлодар қаласының тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындарында жұмыс істеді. 2007 жылы Павлодар облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментін басқарған. 2008 жылдан 2012 жылға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Осы лауазымда тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, энергетика, құрылыс және көліктік инфрақұрылым мәселелеріне жетекшілік етті. Кейінгі жылдары «Казэнергокабель» акционерлік қоғамының бас директоры болып жұмыс істеді. Соңғы жұмыс орны – Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры.

2021 жылдың сәуірінен бастап қазіргі қызметінде. «Ерен еңбегі үшін», «Белсенді қызмет үшін» медальдарымен марапатталған.




51 жыл бұрын (1970) Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Оңғарбайұлы ИБАҒАРОВ дүниеге келді.

Түрікменстан Республикасының Ташауыз облысында туған. 1992 жылы Жаңаөзен мұнай мен газ колледжін мұнай мен газ ұңғымаларын эксплуатациялау механигі мамандығы бойынша, 1999 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау университетін мұнай мен газ кенорындарын игеру инженері мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде скважиналарды жерасты жөндеу операторы қызметінен бастап, осы салада бірқатар жылдар қызмет етті. 2000 жылдан бастап – «Өзенмұнайгаз» АҚ қарасты тәжірибелі-эксперименталдық өндірістік басқарманың бас инженері. 2001 жылдан – №2 мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары, бұрғылау, скважиналарды жөндеу бөлімінің жетекші инженері. 2002-2008 жылдары №1, №3 мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері, №2, №4 мұнай-газ өндіру басқармаларының бастығы қызметтерін атқарып келді. 2008 жылы – «Өзенмұнайгаз» ӨФ персоналды басқару және дамыту бөлімінің бастығы. 2009-2010 жылдары «Өзенмұнайгаз» ӨФ жұмысшыларының кәсіподағы» ҚБ төрағасы болып сайланып, қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысты. 2010-2013 жылдары – №2 мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы. 2013 жылдан «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры болып қызмет етіп келеді.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың қыркүйегінен бастап.




51 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, генерал-майор Дәулет Рысқұлбекұлы ОСПАНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Рязан жоғары әскери командалық байланыс училищесін (1992), ҚР ҚК Әскери академиясын бітірген (2000).

Рязань ЖӘКБУ тыңдаушысы (1988-1992), Жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы байланыс ротасы байланыс взводының командирі, десанттық-шабуыл батальоны взвод командирі – байланыс бастығы, штабтық рота командирі, батальон командирінің орынбасары – штаб бастығы, батальон командирі, жеке десанттық-шабуыл батальонының командирі (1992-1998), ҚР ҚК Әскери академиясының тыңдаушысы, Жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы тыл бойынша бастығынын (тыл ұйымдастыру-жоспарлау жұмысы бойынша) орынбасары, бригада командирінің тыл бойынша орынбасары – жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы тыл бастығы, Жеке десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары – штаб бастығы, бригада командирі (1998-2008), ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, қолбасшының әскери дайындық жөніндегі орынбасары – қолбасшы басқармасының жауынгерлік дайындық Басқармасының бастығы (2008-2010), 2010 жылы сәуірінен ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, ҚР Қарушы Күштерінің Құрлық әскерлері Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы қызметтерін атқарды. 2015 жылдан – «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы.

2-дәрежелі «Айбын» орденімен (2010), медальдармен марапатталған.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай