Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.10
EUR 454.34
RUB 5.82
CNY 57.62

23 мың 472 адам «Almaty Birgemiz» қорынан 50 мың теңгеден көмек алады

2020 жылдың 10 сәуір 2020 18:19

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 23 мың 472 адам «Almaty Birgemiz» қорынан 50 мың теңге көлемінде көмек алады. Бұл туралы Nur Otan партиясының Алматы бөлімшесі төрағасының орынбасары Станислав Канкуров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирустың пандемиясына байланысты Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау бойынша бірқатар кешенді шаралар ұйымдастырылған болатын.

«Аса қажеттілікті талап ететін азаматтарға атаулы көмек көрсету мақсатында «Birgemiz» республикалық корынан қаржыландырылатын «Almaty Birgemiz» қоры құрылды. «Almaty Birgemiz» қоры аса мұқтаж азаматтарға, атап айтсақ аз қамтылған көп балалы отбасыларға (атаулы әлеуметтік көмек алатындар), бірінші топ мүгедектеріне, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, ең төменгі немесе базалық зейнетақы алатындарға (38 686 және 16 839 тенгеден төмен), тұл жетімдерге 50 мың теңгеден қаржы бөліп отыр. Алматыда мұндай санатқа жататын 23 мың 472 адам тұрады. Бұл тізім ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес жасалды», - деді Станислав Канкуров.

Оның айтуынша, егер көмек алушы аталған санатқа кіретін болса, онда ол адамға көмек автоматты түрде көрсетіледі. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Ақша жәрдемақы немесе зейнетақы түсіп жүрген карточкаға «Almaty Birgemiz» қоры мен Nur Otan партиясының атынан смс-хабарландырумен бірге түседі.

Бүгін 21 мыңнан астам адамға қаржылай көмек көрсетілген. Қалған азаматтарға ақшалай көмек 5 күн ішінде түседі. Айтылған ақша айыппұл, несие және басқа да төлемдер есебіне ұсталмайды.

Сондай-ақ, «Birgemiz» қоры тарапынан Алматы қаласына 2 млн медициналық маска жіберіледі. Ол маска 40 мың мұқтаж адамға таратылады.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған «Жаңа Алатау» қорының шотына ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры, сондай-ақ Nur Otan партиясының депутаттары, кәсіпкерлер, кәсіпорындар, партия мүшелері және қарапайым азаматтар қаражат аударды. Олар негізінен аз қамтылған азаматтар үшін азық-түлік себетін сатып алуға және басқа да қажеттіліктерге бағытталған.

«Бүгінде «#BizBirgemiz» акциясы аясында Nur Otan партиясы 4,5 мыңнан астам отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті», - деді Станислав Канкуров.


Жоғары қарай