Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

23 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 23 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1935 жылы Қазақ АКСР Халық комиссарларының кеңесі Қазақ мемлекеттік көркем галереясын ұйымдастыру туралы Қаулы қабылдады. 1965 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі галереяға жеке ғимарат бөлу туралы шешім қабылдады. 1976 жылы галереяның атауы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы болып өзгертілді. 1984 жылы галереяға Қазақ КСР Халық суретшісі Ә.Қастеевтің есімі берілді.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Колумбия Республикасының арасында дипломатиялық қатынастар орнады.

Колумбия Республикасы – Оңтүстік Американның солтүстік-батысындағы мемлекет. Ауданы - 1,14 млн км2. Астанасы - г. Богота.Мемлекеттік тілі – испан. Ақша бірлігі – колумбиялық песо.

1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары Орталық Азияда Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойды.

1994 жылы Ақмола университетіне Сәкен Сейфуллин есімі берілді.

1998 жылы Алматыда танымал композитор Әсет Бейсеуовке ескерткіш орнатылды.

2003 жылы Астанада І Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер съезі басталды. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты. Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогы І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды.

Съездің идеясын К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады. Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешімінде бекітілді.

2005 жылы Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды. Қоладан құйылған Әлияның бейнесі гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіштің екі жағындағы гранит бедерлерге сақ дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ тарихы бейнеленген. Мемориал авторлары - белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Сергебаев.

2009 жылы Шығыс Қазақстанның Жарма ауданындағы Қалбатау ауылында Ер Жәнібек батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Кешен қолындағы найзасымен бейнеленген батырдың алты метрлік қола ескерткішінен тұрады. Оның екі жағында екі қасқыр тұрса, ал арқа жағында биіктігі 45 метрлік стелла бар. Ескерткіштен 30 метрдей жерде Ер Жәнібектің кесенесі орнатылған. Ер Жәнібек, Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) - жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен. Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмансұр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда күрескен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ Керейдің ел иесі болған.

2010 жылы Жезқазған аумағында бірқатар мектептерге Қазақстанның танымал қайраткерлерінің есімдері берілді. Жезқазған әкімдігінің шешімін XVI сессия кезінде қалалық мәслихат депутаттары мақұлдады. Жезқазғанның №1 орта мектебі енді Ахмет Байтұрсыновтың, № 4 мектеп - Бауыржан Момышұлының, № 9 мектеп - Мағжан Жұмабаевтың, № 10 мектеп - Міржақып Дулатовтың, № 13 - Дінмұхамед Қонаевтың, № 21 - Мұстафа Шоқайдың, ал № 26 гимназия - Шоқан Уәлихановтың есімін алды. Кеңгір ауылының № 2 орта мектебіне Мұхтар Әуезовтің, ал Талап ауылындағы № 6 мектепке - Қайрат Рысқұлбековтің есімі берілді.

2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында алғаш рет жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізімі құрылып, бекітілді.

2011 жылы ҚР Ұлттық банкі 500 теңгелік «Есік көсемі» және 50 теңгелік «Өскемен» ескерткіш монеталары айналымға шығарды.

«Есік көсемі» монетасы 925 сынамды күмістен жасалған, массасы 31,1 грамм, сипатталған шеңбердің диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - «proоf», таралымы - 5 мың дана. «Өскемен» ескерткіш монетасы - «Қазақстанның қалалары» монеталар сериясындағы екінші монета.

2012 жылы Майнинген қаласының (Германия) мемлекеттік театрында «Абай» операсының неміс тіліндегі премьерасы өтті.

2013 жылы белгілі ресейлік жазушы Геннадий Васильев «Хан Бөкей» тарихи романын жазып шықты.

Кітапта қазақ ханы Бөкейдің тағдырындағы Астрахань губерниясының рөлі, 1801 жылы көктемде император Павел I соңғы жарлығы бойынша Еділ мен Жайық өзендерінің арасына Кіші жүз қазақтарының қоныс аударуы туралы баяндалады.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Алманың отаны» және «Халықаралық ғарыш стансасы» монеталары халықаралық сегізінші «Монета шоқжұлдыздары-2014» (COINS-2014) монета байқауының жеңімпаздары атанды.

2016 жылы Алматыдағы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Кино территориясы» клубында үздік балалар рөлі үшін «КиноМалышок-2016» сыйлығы жас актер Амангелді Құсайыновқа («Үзілмеген үміт» фильмі) берілді.

Фильмдегі басты рөлдерді Алматы және Алматы облысы балалар үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның балалары сомдады. Картинаның негізгі түсіру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысында өткен. Фильмнің музыкасын еліміздің танымал композиторы Қуат Шілдебаев жазған. Ал, фильмге музыка жазу барысында Батырхан Шүкеновтің саксофонмен орындаған импровизациясы негіз болған.

2019 жылы Ұлы Даланың бірнеше мыңжылдық тарихынан сыр шертетін «Ұлы Дала Тарихы» кітабы Прагадағы «Card Couture Award-2019» фестивалінде ең жоғары наградаға ие болды. Бұл — жыл сайын жеті аталым бойынша берілетін Еуропадағы ең беделді, үздік марапаттардың бірі.

2019 жылы Нью-Йорк қаласында «C5+1» форматында министрлік кездесу болып өтті. Жиынға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.

М.Тілеуберді платформа Орталық Азия мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, транзиттік және көліктік әлеуетті дамытуда технологиялар мен сараптамалық көмек тартуға, қоршаған ортаны сақтауға және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға арналған тиімді алаң болып қала беретінін атап өтті


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай