Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

23 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 23 қаңтар 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 23 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қолмен хат жазу күні

Бүгінде баспа, сандық ақпарат жаулап алған кезеңде әділетсіз ұмыт болған қолмен жазылған хаттың маңыздылығын көпшіліктің есіне түсіруге арналды. Бұл мерекенің күнтізбеге енгізілуіне бастамашылық еткен Жазу құралдарын өндіру қауымдастығы болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1982 жылы Қазақтың академиялық опера және балет театрында «Ақан сері - Ақтоқты» операсының премьерасы өтті. Алғашқы қойылымда бас партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Хорлан Қалиламбекова мен Кенжеғали Мыржықбаев орындады. Операның авторы – Сыдық Мұхамеджанов. Либреттосын жазған Ғабит Мүсірепов.

1992 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүше етіп қабылдау туралы қарар қабылданды. 1992 жылғы наурыздың 2-сінде Қазақстан БҰҰ-ның толық мүшесі болды.

1995 жылы Брюссельде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропа ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Ален Жюппе Қазақстан Республикасы мен Еуропа ынтымақтастығы арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

2007 жылы Өскеменде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының алдында Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті. Қола мүсiн ескерткiшi белгiлi қазақстандық сәулетшiлер Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Е.Сергебаев және Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Б.Әбішевтердің жобалары бойынша орындалған. С.Аманжолов (1903-1958) жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін зерттеуде өзінің түбегейлі үлесін қосып, бағдарламалар мен курстарын енгізген, сонымен қатар мектептер мен университеттерге қазақ тіліндегі бірінші оқулықтарын жасаған түркітанушы.

2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жыл сайынғы «Парыз» конкурсын өткізіп отыру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстанның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік принциптерін қалыптастыру мен ілгерілету және оларды осы саладағы ең үздік тәжірибені енгізуге ынталандыру мақсатымен құрылған.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Нью-Йоркте бас консулдығы салтанатты түрде ашылды. Рәсімге АҚШ-та аккредиттелген елдер консулдығы қызметтерінің басшылары, БҰҰ жанындағы ТМД мемлекеттері дипломатиялық миссияларының басшылары, АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің, Нью-Йорк бизнес топтарының және мэриясының өкілдері қатысты.

2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанда мемлекет тарихын жүйелі зерттеу және танымал ету мақсатында «Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы» мемлекеттік мекемесінің және салынып жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасы» ғимаратының негізінде «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесі құрылды.

2013 жылы Алматыда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпиондарына арналған пошта маркалары шығарылды. Маркалар офсеттік әдіспен төрт бояумен, 150 теңгелік номиналмен, көлемі 28х40, 30 мың тиражбен жасалды. Суретшісі – Қуат Ыбырайшин. Пошта маркасына мөр дайындалды.

2015 жылы Мемлекет басшысы «Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлыққа қол қойды.

2017 жылы Астанада Сирия мәселесі бойынша Халықаралық кездесулер басталды. Сирия үкіметі және сириялық оппозиция, АҚШ, Ресей, Түркия, Иран елдерінің өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшылығындағы Сирия бойынша арнайы елшісі келіссөздерге қатысатынын мақұлдаған.

2017 жылы Әбу-Дабиде өткен бразилиялық джиу-джитсудан «Abu Dhabi Grand Slam-2017» әлемдік турында Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Айдос Серікқалиұлы алтын медаль жеңіп алды. Турнирдің жүлде қоры - 155 000 доллар.

2018 жылы БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстанда балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу жəне заңға тартылған балалардың мəселелерін шешу үшін екі коммуникациялық науқанды бастады. Алғашқы жылдары коммуникациялық кампания Астана мен Алматы қалаларында, ШҚО, ОҚО, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында басталады. Алдағы уақытта бұл науқанды бүкіл Қазақстанда жүргізу жоспарлануда.

2019 жылы елордадағы «Нұр әлем» павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жыл бойы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мен жан-жақты қолдауға бағытталған шаралар өткізілді.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай