Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

21 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 21 маусым 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 21 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік музыка мерекесі (Fête de la Musique)

Францияда ең алғаш рет 1982 жылы маусымның 21-нен 22-не қараған түні музыка мерекесі өтті. Бұл күні барлық кәсіпқой музыканттар мен музыка өнеріне енді араласып жүргендер жиналып, Францияның барлық қалаларында қайырымдылық концерттерін өткізеді. Қазір Музыка мерекесі халықаралық мәртебеге ие және маусымның 21-де 5 құрлықтағы 100 мемлекетте атап өтіледі.

Халықаралық гидрография күні

1921 жылғы 21 маусымда халықаралық гидрография ұйымы құрылды. Кейіннен атап өту датасы ретінде осы күн белгіленді.

Дүниежүзілік гуманистер күні

Халықаралық гуманистік және этикалық одақ (ХГЭО) бастамасымен жазғы күннің ұзарып тоқырауына орай жыл сайын аталып өтілетін халықаралық мереке. ХГЭО - гуманизм, рационализм, атеизм, скептицизм, зайырлы қоғам, этика және еркін ойлау идеяларын дамытатын, сондай-ақ діни емес моральды дамыту мен қалыптастыруға ықпал ететін халықаралық ұйымдардың бірлестігі.

Дүниежүзілік мотоциклист күні

Дүниежүзілік мотоциклист күнін атап өту 1992 жылдың 22 шілдесінен басталды. Сол күні бірнеше елдің энтузиастары автокөліктерін гаражға тастап, жұмысқа мотоцикл және скутерлермен барды. Әуелде бұл күн Ride to Work Day деп аталды, яғни ағылшын тілінен аударғанда «Жұмысқа мотоцикмен», кейінірек Мотоциклист күніне айналды.

2008 жылға дейін бұл мереке шілденің үшінші сәрсенбісінде атап өтілетін, бірақ 2008 жылдан бастап маусымның үшінші дүйсенбісіне ауысты. Бұл күні әлемдегі мотоциклистерге климаттық жағдай қолайлы болуы үшін ауыстырылды.

Халықаралық йога күні

БҰҰ Бас ассамблеясының 2014 жылғы 11 желтоқсандағы қарарымен халықаралық йога күні бекітілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1824 жылы Қарқаралы қаласының іргесі қаланды. Алғашында бекініс ретінде салынған қамалдың орнынан 1827 жылы Қарқаралы казак станицасы бой көтерді. 1849 -1850 жылдары Қарқаралы бекінісін нығайту үшін Украина казактары қоныс аударылды, ал 1869 жылдан бастап Қарқаралы уезд орталығына айналды.

1918 жылы қазіргі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет қазақ, ұйғыр, өзбек, татар тілдерінде шығып тұрған. Газеттің алғашқы редакторы болып С.Шәкіржанов тағайындалған болатын.

1940 жылы академик Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық зерттеулер институты құрылды.

1995 жылы ұлы ойшылдың шығармашылығы мен өмірі туралы деректері бар «Абай» энциклопедиясы жарық көрді.

2001 жылы Қостанай қаласындағы Октябрьдің 50 жылдығы көшесіне Алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, ақын, драматург, журналист, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып Дулатовтың есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылды.

2007 жылы Семипалатинск қаласының аты Семей деп өзгертілді. Оған қалаға жақын маңдағы Семей-Тау жотасының аты негіз болды. Қаланың атын өзгертуге қаладан 130 шақырым жерде орналасқан бұрынғы Семипалатинск ядролық сынақ полигонының атын халықтың есіне салатыны себеп болды.

2010 жылы Орталық Азия өңірінде алғаш рет Алматыда ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы шартты қолдау мақсатында Халықаралық оқу орталығы ашылды.

2012 жылы Польша азаматы Анджей Млынарек өзін аштықтан, аурудан құтқарған қазақ отбасына алғыс білдіру мақсатында 70 жылдан кейін Қазақстанға оралып, тағы бір мәрте қазақ халқының қонақжайлығы, адалдығы, мейірімі мен махаббатын сезінді. Қонақ аудандық мешітке келіп, қиын-қыстау кезеңде оған көмек көрсеткен адамдарға құран бағыштады, зиратқа барып, гүл шоқтарын қойды.

2015 жылы Түркия астанасы Анкара қаласында саябаққа қазақ ақыны Сүйінбайдың есімі берілді.

2017 жылы Астана халықаралық әуежайының аты «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы» деп өзгертілді. Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы халықаралық азаматтық авиация қауымдастығының ІІІА санатына ие. Ол барлық типтегі әуе кемелерін қабылдай алады.

2017 жылы Қазақстан Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар бойынша Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) декларациясына қосылған 48-ші мемлекет болды және ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің қауымдастырылған мүшесі атанды.

2018 жылы Астанада Заманауи бессайыстан әлем кубогының финалы алғаш рет өтті. Ол Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге орайластырылған іс-шаралар қатарына кірді. Оны Халықаралық заманауи бессайыс одағы (UIPM) мен Қазақстанз бессайыс федерациясы ұйымдастырды.

2018 жылы Алматыда «Кино» тобының көшбасшысы Виктор Цойға ескерткіш орнатылды. Монументтің ашылуы «Кино» рок-тобының көшбасшысы және негізін қалаушы Виктор Цойдың туған күнінде өтті. Монумент музыкант түскен «Игла» фильмінің түсірілімі өткен жерге орнатылды.

2019 жылы Ядролық жеткізушілер тобының (ЯЖТ) пленарлық отырысы барысында Қазақстан ядролық материалдар экспортын жүзеге асыратын және атом саласын дамытатын 48 мемлекеттің осы беделді бірлестігіне төрағалық етті. ЯЖТ төрағасының қызметін Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай атқарады.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай